Елімізде 2025 жылы газ тапшылығы сезілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 2025 жылы газ тапшылығы сезілуі мүмкін

25.04.2022

Елімізде 2025 жылы газ тапшылығы сезілуі мүмкін. Өйткені ішкі нарықта газ тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Орташа жылдық өсім 7 пайыз. Бұл туралы бүгін сенатта өткен Үкімет сағатында энергетика министрі айтты. Егер ірі кәсіпорындар да газ тұтынуға көшсе, онда бұл көрсеткіш одан да артуы ықтимал. Оның үстіне газ құбырларының 75 пайызы тозған. Әзірге көгілдір отынмен халықтың 58 пайызы ғана қамтылған. Статистика 100 пайызға жетпей жатып, тапшылық жайлы мәселе туындағаны алаңдатарлық жайт. Сондықтан елді газбен толық қамтудың өзге тетіктері қарастырылып жатыр. Мәселен, газға мұқтаж солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарына көгілдір отын Ресейден тартылуы мүмкін.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Ресейден газ тарту жақынырақ. Жылдам жасауға болады. Егер Сарырқа арқылы жүргізсек, бұл деген ұзақ мәселе , әрі қымбаттырақ. Сондықтан газды Ресейден тарту әлдеқайда тез. Келісім шешімі күзге қарай нақты белгілі болады.

Ішкі нарықта газ тұтынудың артуы бағаның өсуіне де әкелуі де мүмкін. Сенат депутаты Ерік Сұлтановтың пікірінше ішкі сұраныс артса, сыртқа шығаратын экспорт көлемі азаяды. Бұл ішкі газ бағасының орта есеппен 60 пайызға өсуіне әкелуі мүмкін деген болжам бар.. Сондай-ақ сенатор «QazaqGaz» ұлттық компаниясының қызметіне күмән келтірді.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Бүгінде соңғы жеті жылдағы шығыны 587 миллиард теңге болған QazaqGaz ұлттық компаниясы қызметінің ашықтығы мен тиімділігіне қатысты сұрақтар туындап отыр. Бұл ретте компанияның шығыны төмен тарифтермен ғана емес, сонымен қатар қазіргі басқару үлгісінің жетілмегендігіне де байланысты екенін түсіну керек. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілген QazaqGaz аудитінің нәтижелерін ескере отырып, газ нарығын басқарудың ықшам үлгісін құру бойынша шаралар қабылдау қажет.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу