Алматыдағы «Алтын Орда» базарының бір топ саудагері далада қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы «Алтын Орда» базарының бір топ саудагері далада қалуы мүмкін

26.04.2022

Алматыда «Алтын Орда» базарының бір топ саудагері далада қалуы мүмкін. Себебі, 800 кәсіпкер екі жылдан бері салынып жатқан сауда кешеніне 4 млрд теңге салған. Енді ғимараттағы орнымызға орналасамыз ба деп отырғанда базардың «жаңа қожайыны» жолатпай отыр дейді. Тараптардың уәжі келесі материалда.

Осылай деген кәсіпкерлер бүгін базар маңына жиналды. Әрқайсысы жаңа сауда орнына қол жеткізу үшін кемі 7 миллон теңгесін санап бердік дейді. Нысан құрылысы мамыр айында аяқталуы тиіс. Саудагерлердің сөзінше, енді не бутиксіз, не аузымыздан жырып берген қаржымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы.

Гүлнәр Идиярова, кәсіпкер:

Ақшаларымызды өткізгенде құжат алмағанбыз ол жерден. Біздің ендігі талабымыз жаңа бастық болсын, ескі бастық болсын біздің төлеген ақшамызға бутигімізді салып берсін.

Бұған дейін кәсіпкерлерден ақша жинап, құрылысқа жауапты болған бұрынғы базар өкілі жауапкершіліктен жалтармаймыз дейді. Қазір құрылыс жұмыстарының 95 %-ы аяқталған.

Дәулетжан Деменбаев, «Алтын орда» базарының бұрынғы өкілі:

21 сәуір күні құрылтайшымыз өзгерген. Барлық басшылық жұмыстарды өздері жүргізіп жатыр. Біздің оған ешқандай қарсылығымыз жоқ. Дегенмен біз бастаған жұмысымызды толық аяқтап, кәсіпкерлерге жұмысын ары қарай жасап берсек деген ниеттеміз.

Ал, қазіргі базар әкімшілігі кәсіпкерлердің айтқанын жоққа шығарып отыр. Шағымданушылардың мәселесін жеке-жеке қарадым дейді. Айтуынша, ақша салған кәсіпкерлердің барлығы өздеріне тиесілі сауда орнын алады.

Ермек Мархабаев, «Алтын орда» базарының өкілі:

Халық осы нүктелерді алып жатыр. Сол нүктелерін біз өздеріне береміз. Бір жарым айда өздеріңізде келіп куә боласыздар. Соған бір жарым айдың ішінде бітіруге тырысып, жұмыс істеп жатырмыз.

Көңілі күпті кәсіпкерлер бұған да көнеміз деп отыр. Нәпақасын осы базардан табатын саудагерлер бір жарым ай ішінде мәселе шешілер деген үмітпен тарқады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу