Парламент қатары жаңа депутатпен толықты. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәжілістен шығып қалған депутаттың орнына басқасын сайлады. Саяси шараға Ассамблея төрағасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, таңдауын жасады. Былтыр Ассамблеядан төменгі палатаға 9 депутат сайланған. Бірақ Владимир Тохтасунов денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын мандатынан бас тартып отыр. Сол үшін әртүрлі ұлт өкілдерін біріктірген ұйым XXX сессиясын өткізіп, жаңа депутатты сайлады. Ұсынылған екі кандитаттың арасынан Күзиев Зәкіржан 60 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Ал қарсыласы Тварионас Виталий 30 процент дауыс жинаған. Ассамблеядағылар жаңа депутат жаңа Қазақстанды құруға бар күш жігерін салатынына сенімді.
Элина Паули, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
Ассамблея депутаттары барлық салаларға өз үлестерін қосады. Себебі біреуі қоғаммен жұмыс істейді, біреуі ауыл шаруашылығымен айналысады. Және де жаңа депуттардан біз жаңа идеяларды күтеміз.
Сондай-ақ бүгін Президенттің өкімімен Майя Бекбаева және Күзиев Зәкіржан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Олардың орнына бұл қызметті Наталья Деменьтева және Тауфик Каримов атқарады. Ал Ассамблея атынан депутат сайлау соңғы рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы Жолдауда Конституцияға өзгертулер енгізуді ұсынған болатын. Оғай сай Ассамблея квотасы қысқарып, Мәжілістен Сенатқа ауыстырылады.
Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Алдағы кезде Сенатқа тікелей сайлау болмайды. Алдағы кезде Ассамблея Президентке адамдарды ұсынады, Президент шешім қабылдап, 5 адамды Сенатқа тағайындайды.