Балалар жылына бағытталған іс-шаралардың 75 пайызының балғындарға пайдасы жоқ - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар жылына бағытталған іс-шаралардың 75 пайызының балғындарға пайдасы жоқ - депутат

28.04.2022

Балалар жылына бағытталған іс-шаралардың 75 пайызының балғындарға пайдасы жоқ. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Amanat» партиясы жанындағы Республикалық отбасы және халықты әлеуметтік қорғау қоғамдық кеңесінде осылай деді. Жиында балалар үшін биыл қандай жұмыстар атқарылады деген сауал талқыға салынды. Әуелі, Білім және ғылым министрлігінің өкілі 7 бөлім, 50 тармақтан тұратын жоспарды таныстырды. Бірақ, бұл тізім көптің көңілінен шыққан жоқ. Өйткені, жылда өтетін спартакиада мен байқаулар сияқты мәдени-спорттық шараларды балалар жылына арналған деп бұрмалаудың қажеті жоқ, деді қатысушылар. Оның үстіне биыл әр аймаққа шамамен 13-14 млрд теңге бөлінген. Демек, қаражат тиімді игерілмей жатыр деген сөз. Балалар жылында тек Білім және ғылым министрлігі ғана емес, өзге де құзырлы орган белсене кірісуі тиіс. Жиында қаралған барлық ұсыныстар мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Динара Зәкиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жуырда елордада жағдай төмен отбасыға бардым. Баласы 12 жаста. Әлі күнге дейін сабаққа бармаған. Денсаулығында кінәрат бар. Бірақ нақты диагноз қойылмаған. Тұрмыстары өте төмен. Анасы ғана бағып отыр. Әкімдіктіктен бірде-бір көмек алып көрмеген. Осындай балаларға неге қолдау танытпаймыз? Одан бөлек, балаларды жазғы лагерьлерге жіберсе, автобуста жыл бойы тегін жүрсе, ыстық тамақпен тегін қамтылса, балалар алаңы көптеп салынса деген ұсыныстарымыз бар.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Министрлік қабылдаған 50-ден астам іс-шаралардың 70-75 пайызы балаларға пайдасы жоқ іс-шаралар. Мысалы 39-шы бөлімде былай жазып қойған. Жаңа мектептің ашылу салтанаты. Оның балаларға қандай қатысы бар? Министрлік координациялық жұмыстары әлсіз жасаған.


Хабарламаларға жазылу