Жамбыл облысында құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің қатары артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің қатары артып келеді

28.04.2022

Жамбыл облысында құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Қордай ауылындағы «EcoChiken» өнідірістік коперативінде ауылдың 20 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді. Еңбекқор жандардың арқасында өндіріс көлемі артып, тауық етін өзге облыстарға саудалау көзделіп отыр.

Қордай ауылында құрылған кооператив құрамында 12 кәсіпкер балапан өсірумен айналысады. Олардың әрқайсының замануи үлгідегі тауық қоралары бар. Ішіне күндіз-түні жарық түсіп тұратындықтан, автоматтандырылған құрылғы құстарды үздіксіз жем-суменен қамтамасыз етеді. Балапан 45 күн жетілгеннен кейін ғана, сойылады. Мұндағы жұмысшылар да тегіс ауыл азаматтары. Олар жылына 50 тоннаға дейін құс етін өндіріп отыр. Өнімге сұраныс күшті, сондықтан тұрақты табыс тауып отырған тұрғындардың тұрмысы жақсы.

Дәметкен Нұрбекова, шаруа:
Кредитімізден де құтылып жатырмыз. Біз сияқты ауылда жұмыс істеп, жағдай жасаймын деген адамдарға үлкен мүмкіндік. Осы 1,5 жыл болды істеп жатқаныма жаман емес.

Екі жыл бұрын құрылған коперативтің жұмысы ауқымды. Биыл жалпы сметалық құны 59 милион теңгені құрайтын тағы бір жобаны іске қосқан. Жергілікті тұрғындарды жеңсік тағаммен толық қамтамасыз ету үшін, аудан орталығынан өз дүкендерін ашыпты.

Тоты Сәрсембаева, кооператив жетекшісі:
Құс етіне негізі сұраныс өте көп. Қазіргі таңда өте қолжетімді ет деп саналады. Өте сапалы. Сонымен қатар тауық еті өте жеңіл, пайдалы болғаннан сұраныс жоғары.

Жалпы Жамбыл облысының өзі орта есеппен 30-40 мың тоннаға дейін құс етін тұтынады. Сұраныс бар. Сондықтан, кооператив тауық етін тек аудан көлемінде ғана емес, облыс орталығы Тараз және Алматы қаларына да жөнелтуді жоспарлап отыр. Ол үшін шаруаның ауқымын кеңейте түсіп, өндіріс қуатын екі-үш есеге арттырмақ.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу