Биыл еліміздегі туристік аймақтарда 6 млн астам адам демалады деген жоспар бар. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрілігі мен туроператорлардың қатыысуымен өткен жиынында айтылды. Ол үшін жаңа туристік бағытар ашылып, гранд турлар ұйымдастырылады. Сондай-ақ аталған салаға үлес қосқысы келетін кәсіпкерлерге мемлекеттен субсидия қаратырылған.
Екі жылға созылған пандемия әлемдік туризмге ауыр соққы болып тиді. Туристер ағымы 95 процентке қысқарып, миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Бірақ, бұл біздегі ішкі туризмге оң әсер етті. Мысалы былтыр 7 млн ға жуық турист ел аумағында демалған. Оның 99 пайызы Қазақстан азаматы. Биыл аталған саланы дамытуға арналған жаңа жоба әзірленіп жатыр.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Біз «Road show» ұйымдастырамыз. Оған сай Ресей, Оңтүстік Азия және Жақын шығыс елдерінің он шақты қаласын араламақпыз. Осылайша елімізге туристерді шақырамыз. Оған қоса аталған мемлекеттерде Қазақстанның мәдениетінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырамыз.
Жоспар бойынша биыл елімізге шетелдерден 1 млн-ға жуық турист келеді деп күтілуде. Бірақ, келген қонақты тиісті деңгейде күтіп алу маңызды. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі туроператорлармен бірігіп гранд турлар ұйымдастырмақ. Оның құрамына Қазақстан бойынша 20 локация кіреді.
Даниел Сержанұлы – «Kazakh Tourism» ҰК басқарушы директоры:
Алматы облысы бойынша туристер арасында «Шарын шатқалы», «Алтын емел» ұлттық табиғи паркі, «Көлсай», «Қайыңды» көлдері мен «Таңбалы» сынды барлық маңызды туристік локациялар кіріп отыр.
Осы аталған туристік аймақтар қонақтарды қабылдауға дайын ба? Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің сөзінше, Алматының визиттік картасы саналатын «Үлкен Алматы көлі» мен «Алма-Арасан» шатқалдарына апаратын жолдың сапасы сын көтермейді.
Райхан Мұхаммеджанова, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің қызметкері:
Жылда ойылған жерін жамап кетеді. Жаңа жол төсесе дұрыс болар еді. Өйткені жамалған жол бір-екі айдан кейін қайтадан баяғы қалпына оралады. Ойылып қалады.
Аталған аумақта жарықтандыру мәселесі де өзекті. Одан бөлек «Шарын» шатқалында да проблема жетерлік. Мысалы шатқал қазір электр жүйесіне қосылмаған, ауыз су тартылмаған және Шонжы мен екі аралықтағы 20 шақырымдық жолдың шұрық тесігі шығып, әбден тозған. Облыстық туризм басқармасы басшысының сөзінше, бұл мәселе шешіліп жатыр екен.
Жанар Алшымбаева, Алматы облысы туризм басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда Шонжы жағынан Ұлттық парктің бірінші бекетіне дейін жолды жобалауды бастадық. Ол жергілікті бюджеттен. Ауыз су мәселесі және электр желілерін тарту бойынша біз инвесторлармен келісіп, олар бізге құжаттарын өткізді.
Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:
Ішкі туризмді дамыту үшін биыл ел аумағында балаларға ұшақ билеттері тегін болады. Одан бөлек туристік нысан салған инвесторларға және жол жигінде дәмхана, дәріхана ашқан кәсіпкерлерге 10 проценттік, ал тау шаңғы курортын салған азамттарға мемлекеттен 25 пайыз субсидия беріледі.
Нұрсұлтан Тілектесов