Президент жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды

29.04.2022

Елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының 31-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс жасады. Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз деді президент. Үлкен жаңалықтар айтылған жиында тағы қандай мәлімдемелер жарияланды?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Иә жалпыхалықтық референдум бүгінгі күннің ғана емес алдағы бірнеше апта мен айлардың басты жаңалығы болатын сыңайлы. Мемлекет басшысы өз ұсынысын жасады. Президент сөзінен цитата келтіре кетейін: Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едім. Бұл - қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын – деп атап өтті. Иә, конституция еліміздің басты заңы. Оған түзетулер енгізу мәселесін халықтық сайлауға шығару демократиялық заңды үрдіс деп бағалауға болады. Референдум арқылы еліміздің әрбір тұрғыны мемлекеттегі маңызды өзгерістерді жүзеге асыруға тікелей өзі қатыса алады. Осылайша жаңа Қазақстанды құруда ешкім шет қалмайды. Айта кетейін Осыған дейін Конституцияға енгізілген 4 түзетудің бәрі Парламентте дауыс беру арқылы өткен. Алғаш рет Конституциялық реформа тікелей жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылғалы отыр. Ал, тәуелсіз Қазақстан тарихында жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілді. Екеуі де 1995 жылы болған еді.

Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі, түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ деді президент. Жлапы бүгінгі сессияның міндеті – саяси жүйені реформалаудағы Ассамблеяның орны мен рөлін айқындау, одан әрі даму векторын белгілеу болды. Бұдан бөлек президент қазіргі геосаяси ахуалға тоқталды. Қазір елімізге іштен, сырттан төнген қауіп көп. Әсіресе арандатушылар тарапынан. Президенттің айтуынша бұл еліміздің тұрақтылығын жойғысы келетін әлдебір қызметтің құйтырқы әрекеті. Оған қарсы тұрып, мызғымас бірлікті сақтау үшін ассамблеяға артылар жүк көп. Сондай-ақ Тоқаев еліміздің мемлекеттік тілі тек қазақ тілі екенін ескертті. Бірақ өзге ұлтты, өзге тілді құрметтеу маңызды. Ал ел бірлігі жаңа Қазақстанның тірегі болуы тиіс.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу