БҚО-да тасқыннан келген шығын 1 млрд 600 млн теңгеге бағаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да тасқыннан келген шығын 1 млрд 600 млн теңгеге бағаланды

29.04.2022

Батыс Қазақстан облысында тасқыннан келген шығын 1 млрд 600 млн теңгеге бағаланды. Тәуелсіз бағалаушылар техникалық сараптама жасап, арнайы комиссия қорытындысын жарияланды. 

Су басқан ауылдарда қанша үй жарамсыз деп танылды? 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Иә, су басқан ауылдарда барлығы 30 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Атап айтқанда, Шалғын ауылында - 23, Жақсыбай ауылында - 7 үй. Арнайы комиссия тасқыннан 79 үй мен мектеп, медпункт және шекара бекетіне залал келгенін анықтады. Бұл нысандардың орнына әлеуметтік кешен салынады. Жалпы құны - 600 млн теңге. Ал су кірген шекара бекеті жөнделеді.
Тілеген Қаюпов, Облыс әкімінің орынбасары:
Типтік жоба негізінде 9 екіпәтерлі және 12 бірпәтерлі тұрғын үй салу мәселесі бойынша шешім қабылдауымыз қажет. Қажетті қаржы облыстық бюджет резервінен немесе Қоғамдық әлеуметтік қор есебінен бөлінетін болады. Жалпы қажеттілік осы 30 үйді салуға - 555 млн.теңгені құрайды.

Ал су басқан, бірақ тұруға жарамды деп танылған қалған 49 үйдің иесіне жөндеу жасау үшін өтемақы төленеді. Бұған 48 млн теңгедей қаржы бөлінбек. Тасқында арам өлген 200-ге жуық мал шығыны демеушілер, яғни қожалық иелері, ауыл азаматтарының көмегімен өтелді. Сондай-ақ, Жәнібек және Бөрлі аудандарында үйлері суға кеткен 103 отбасыға 150 млн теңге , ал Қаратөбе ауданындағы 29 отбасыға алдағы мамыр айында көмек қаржы берілмек.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу