Президент жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды

29.04.2022

Елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының 31-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс жасады. Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз деді президент. Әуелде ата заңға енгізілетін өзгертулерді парламент қарайды деген жоспар болған. Алайда ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер ететіндіктен референдум өткізу дұрыс шешім деді президент. Жалпыхалықтық сайлау арқылы еліміздің әрбір тұрғыны мемлекеттегі маңызды өзгерістерді жүзеге асыруға тікелей өзі қатыса алады. Осылайша жаңа Қазақстанды құруда ешкім шет қалмайды. Еске сала кетсем осыған дейін конституцияға енгізілген 4 түзетудің бәрі Парламентте дауыс беру арқылы өткен. Алғаш рет Конституциялық реформа тікелей жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылғалы отыр. Ал, тәуелсіз Қазақстан тарихында жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілді. Екеуі де 1995 жылы болған еді. Бұдан бөлек сессия отырысында президент қазіргі геосаяси ахуалға тоқталды. Қазір елімізге іштен, сырттан төнген қауіп көп. Әсіресе арандатушылар тарапынан. Оған қарсы тұрып, мызғымас бірлікті сақтау жолында ассамблеяға артылар жүк көп.  

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу