«Bek Air» ұшағының құлау себебі белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Bek Air» ұшағының құлау себебі белгілі болды

29.04.2022

«Bek air» компаниясының Fokker-100 ұшағы апатына қатысты тергеу аяқталды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматыда болған оқыс жағдайдың шығу себебін жариялады. Халықаралық сарапшылар мен мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары қандай қорытынды жасады?

2019 жылдың 27 желтоқсаны. Бұл қаралы күн ретінде ел есінде қалды. Алматы-Нұр-Сұлтан бағытында ұшуы тиіс әуе кемесі аспанға көтерілмей жатып, жерге құлады. Салдарынан бортта болған 12 жолаушы қаза тапты. 3 жылға созылған тергеу, тексеру жұмыстары аяқталды.

Халықаралық сарапшылар мен мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары әуе кемесі жоғары көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясы жоғалғанын анықтаған.

Болат Наурызалиев, ҚР ИИДМ Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру басқармасының басшысы:

Взлетный режимнен басқа олардың флекс деген режиммен ұшқаны да қателік болып тұр. Флекс деген режим мысалы, аэродром биіктігі бар, ауаның қысымына температурасына қарай, бүкіл ауа жағдайын қарайды, сол компьютер ішіне бүкіл информацияны салғанда компьютер өзі санап береді. Осындай режим қою керек деп. Ал олар ресчетный режимді қойған.

Қайғылы жағдайға ауа райының күрт суып кетуі де әсер еткен. Мұны апат кезінде қайтыс болған екі ұшқыш ескермеген болуы мүмкін. Соның кесірінен ұшақ төмен құлдилап, әуежайдың қоршауын бұзып, он қадам жердегі жеке меншіктегі нысанға соғылған.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ұшақ тура мына жерде ораналасқан екі қабатты үйге құлаған еді. Қазір баспана бұзылып, орны тегістеліп тасталған. Көршілес орналасқан үйлердің тұрғындары сол бір апаттан кейін үреймен өмір сүріп келеді.

Үйімізге ұшақ құлайды деп емес, баспанамызды тартып ала ма деп қорқады тұрғындар. Өйткені, бұл тұрғын үйлер әуежайдың санитарлық-қорғау аумағында орналасқан. Кезінде қыруар қаражатқа сатып алған жер телімдерін әлі күнге дейін заңдастыра алмай жүр.

Нұржан Өсербаев, Гүлдала ауылының тұрғыны:

500 метр санитарлық зона деп белгілейді. Бірақ оның қай жерден басталатыны әлі анықталмады. Кезінде өздері заңдастырып, сатқан. Сөйтіп біз сатып алып ұрынып отырмыз. Қазіргі жергілікті билік бұл мәселеде қауқарсыз.

Санитарлық-қорғау аумағына ауыл бойынша 500 үй еніп отыр. Енді тұрғындар арызымызды жоғары жаққа жеткіземіз дейді. Апат орын алғаннан кейін елді мекенде заңсыз салынған бетон зауыты да анықталып, екі жылдық сот процесстерінен кейін толық бұзылған.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу