Елімізде 27 жылдан соң үшінші рет референдум өткелі тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 27 жылдан соң үшінші рет референдум өткелі тұр

01.05.2022

Елімізде референдум өтеді. 27 жылдан соң үшінші рет. Алғашқы екеуі 1995 жылы ұйымдастырылған еді. Сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту, ал тамызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтті. Ал кейінгі 4 түзету Парламентте дауыс беру арқылы Ата заңға енгізілген.

Бұл жолы да «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Заң жобасын Парламент қарайды» делінген еді. Бірақ Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-сессиясында жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Айтпақшы, ең алғашқы референдум жайлы ұсыныс осы Қазақстан халқы Ассамблеясынан болған еді. Бірақ тұңғыш пен қазіргінің мәні бөлек сияқты. 

Ел жаңа Қазақстанды құруға көшті. Тұтас саяси жүйе жаңғыру жолында. Мықты Парламент, мажаритарлық сайлау, Президент туыстарын билікке жақындатпау секілді бастамалар іске асып жатыр. Конституцияның 33-бабына түзету әзірленді. Бұл – Ата заңның үштен бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясына қатысқан Президент оны қабылдау үшін жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Өйткені қолданыстағы заңнамада тәртіп солай. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын.

Референдум соңғы рет елімізде 1995 жылдан кейін араға 27 салып қайта өткелі тұр.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Референдумға барлық қазақстандық қатысады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде дауыс беру жүреді. Яғни әркім референдумға қатыса отырып, сол Конституциялық өзгерістерге, толықтыруларға өздерінің жауапкершілігін арттырады. Яғни оны елдің, халықтың өзі қабылдағаннан кейін сол өзгерістерге, жаңғыруға біз бәріміз жауапты боламыз.

Референдум жауапкершілікті ғана емес, көпұлтты еліміздің бірлігін де арттыра түседі. Бірақ тұтастығымыз бен татулығымызға іште де, сыртта да көз алартып отырғандар бар. Президенттің айтуынша, бұл – ел ішіне іріткі салғысы келетін әлде бір топтың құйтырқы әрекеті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да, біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да.

Қазір алыс-жақын елдерде түрлі қақтығыстар болып жатыр. Әсіресе, Ресей мен Украина арасындағы жағдайды пайдаланбақ болған арандатушылар жетерлік. Бұл елімізде алауыздықтың тууына түрткі болмауы тиіс. Ол үшін қайтпек керек? Президенттің айтуынша, бірлігімізге қауіп төндіретін кез-келген мәселе ашық айтылып, бірден шешімін тауып отыруы тиіс.

Максим Рожин, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» бірлестігінің вице-президенті:

Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңіді құрметте" деген. Бүгінде мемлекет тарапынан кез-келген этносқа өзінің тілін, өзінің мәдениетін білуге барлық жағдай жасалған. Оның бір дәлелі – елімізде орыс, өзбек, ағылшын, неміс тілінде жұмыс істейтін орта мектептер бар.

Надежда Палинка, журналист:

Әркім өзінің Отаны қайда екенін білуі керек. Мен үшін Қазақстан – туған жерім. Осында әкем, әжем дүниеге келді. Осы уақытқа дейін ұлтыма байланысты мені ешкім шеттетіп көрген емес. Өз тілімде сөйлеймін. Еркін жүріп-тұрамын. Сол үшін біз алғыс айтуымыз керек.

Бірлікті бекемдеу үшін ұлттарды ұйыстырған ұйымның жұмысын жаңғырту қажет. Осы тұста Мемлекет басшысы 3 бағытты айқындап берді. Алғашқысы – саяси реформаларды жүзеге асыруда ассамблеяның рөлін арттыру. Сосын ақпараттық жұмыстар мен құқық қорғау қызметін күшейту. Игі істен журналистер де шет қалмауы тиіс. Ел ішіне іріткі салатын фейк жаңалықтармен күресіп, ұлттарды ұйыстыруға сеп болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақ тілді аудиторияның ауқымы кеңейіп жатыр. Бұл жағымды оң үдеріс. Қазақстанды дамытуға өзге этностардың қосып жатқан үлесін мемлекеттік тілде насихаттау маңызды. Біз осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-ты барынша қолдауымыз керек.

Сондай-ақ, бір айдан кейін өтетін Ұлттық құрылтайға Ассамблея мүшелерін де қатыстыру маңызды.
Тағы бір жаңалық. Елімізде этномедиация жөніндегі оқу орталығы құрылады. Онда курстар ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметкерлер дайындықтан өтеді.

Нәзипа Ыдырысқызы, ҚХА жанындағы республикалық аналар кеңесінің төрайымы:

Халықпен жұмыс істейтін ауыл әкімдерінен бастап, үлкен өңір әкімдеріне дейін медиация орталығынан білім алып шығуы керек деді. Себебі біз – бір халықпыз. Бірақ біреуіміз билеуші институтта, біреуіміз қоғамда. Біздің арамызды жалғау үшін біз бір-бірімізді түсіне білуіміз керек.

Яғни, бір-бірімізді түсініп, татулықта болу үшін әкімдер менеджер ғана емес, нағыз медиатор болуы керек. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан ұғымын сан-саққа жүгіртіп, бұрмалауға болмайтынын ескертті. Тіл мәселесіне келгенде де аса сақ болуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мынаны түсініміз керек. Қазақстан – көп ұлтты, көп тілді ел. Бірақ мемлекеттік тіл – тек қазақ тілі. Мұны ұмытпауымыз қажет. Әрі тіліміздің мәртебесін арттыру бағытында жұмыс істеу керек. Бірақ мұндай шаралар өзге ұлтқа, өзге тілге кесірін тигізбеуі тиіс.

Досжан Маратұлы, тілші:

Сондай-ақ, Президент ел азаматтарын қашанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизмді басшылыққа алуға шақырды. Өйткені еліміз, жеріміз бір. Сол үшін Президент: «өзіміз, өзгелер» деп жік-жікке бөлінуді түбірімен жою керек» деді. Бірлікте болып, ортақ құндылыққа ұмтылсақ қана, жаңа Қазақстанды құрып, жарқын болашаққа жететінімізді баса айтты.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу