Қаржы қажет салалар да, ауыл-аймақтар да аз емес қой. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі ең кедей өңірлер: Маңғыстау мен Түркістан облыстары. Зерттеу қорытындысы бойынша 2021 жылы табасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз азаматтар саны 5,2 пайыз болған. Түркістан облысы бұл тізімде көш бастап тұр. Тұрғындардың 10 пайыздайы 30 мың теңгеге де жетпейтін ақшаға өмір сүруге мәжбүр. Бұл аздай жылда табиғи, басқа да апаттардың зардабын тартып отырады.
Осы аптада Түркістан облысының 2 ауданы, оның ішінде 12 бірдей елдімекен қызыл судың құрсауында қалды. Малмен жан бағып отырғандардың төрт түлігі қырылды. Үйсіз, қорасыз қалғандар да бар. Айнұр Ақбаеваның репортажы.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Мына үй қызыл судан ең көп зардап шеккен. Сайдан аққан су баспананың екі қабырғасын құлатып, жарамсыз күйге түсірген. Үй иесі әрең қашып құтылғандықтан, дүние-мүлкі ішінде қалды. Қазір ыдыс-аяқтары сыртта тұр, ал егістігі батпақтың астында қалды.
Үй иесі Гүлсім Пошанова қазір туыстарын паналап отыр. Себебі, үйге су кірген кезде барлық жиһаз бен төсеніштер, тұрмыстық техника мен ыдыс-аяқ түгел лайдың ішінде қалған. Баласын арқалап, тек құжаттарын алып кеттім дейді.
Гүлсім Пошанова, Заңғар ауылының тұрғыны:
Жарылып тұр бәрі, тисеңіз үгілітіліп жатыр. Мүлдем болмайды, балшық болып жатыр, жүріп болмайды. Пешене теріммен салғанмын ғой бұл үйді. Екі балам өсіп тұр, келін аламын ба деп жақсы ниет қылып отырған едім биыл. Міне осындай жағдай болды.
Заңғар ауылында тұратын тағы бір отбасы ауылдағы бос тұрған үйге көшіп келді. Судан үйдің іргетасы үгітіле бастағандықтан, комиссия тұруға жарамсыз деп тапқан. Жарамды заттарын тасып алғанымен біразын тастауға тура келіп тұр дейді.
Бақытгүл Мырзабекова, Заңғар ауылының тұрғыны:
Судың ішіне бір метрдей су кірген. Соның ішінде жаңағы кір жуғыш мәшинем істемей қалған. Ол ағып біраз жерге барған. Духовкам бар еді , ол да істемей қалған да ол да. Бір компютерім ол істемей қалған. Кілемдерім төрт жаңа кілемім лай басып, үсті иістеніп, иісі шығып кеткен. Былай жуып алу мүмкін емес болып тұр енді.
Бақытгүл Мырзабекова су басқан баспанасына қайтып бармайтынын айтады. Себебі жан жақтан жиналатын су сол жерден ағып өтеді. Ұлы Нұрғали да ескі үйге қоныстану оңай соқпай тұрғанын алға тартады.
Нұрғали Ағайдаров, Заңғар ауылының тұрғыны:
Әктеп, сылап әйтеуір адам тұратындай жағдайға келтіріп жатырмыз. Өйткені бұл заброшенный үй болды ғой. Сол жағынан физический біз үспеть етпей жатырмыз да қазір.Бір күш көмек болса, бір адам болса сұрайтын не керек, не жетіспей жатыр деген сияқты әкімдіктен болсын, волонтерлар болсын.
Ал, Сарыағаш ауданының Бағыс ауылында жеті үйдің ауласына су кіріп, бірқатар қора жайды құлатқан. Жергілікті халық түнгі он бірлер шамасында лап қойған судан әрең қашып құтылғанын айтады. Өзбекстан жақтан келген су арықтан асып, базбір үйлерді шайып өтіпті. Бастапқыда үйлерін тастап қашқан тұрғындар қазір жан жағын жинап,ретке келтіріп жатыр.
Қадиша Байдуллаева, Бағыс ауылының тұрғыны:
Адамдар келіп, бәрін сұраққа алды. Мынаның бәрін көрді. Ана жердің барлығын көрді. Енді мына сырттың бәрі кеппей жатыр. Жүруіміз қиын болып жатыр. Енді мына қораны жөндеп берсе, жөндемесе де жинап неғып берсе болды маған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазығұрт ауданында 11 елдімекенді су шайған. 41 үйді су басып, 1 баспананың құлағаны анықталған. Тағы 5 үйдің жарамдылығы тексеріліп жатыр. Жүзге жуық аулаға су кіріп, 27 құрылыс нысаны құлаған.470-ке жуық уақ мал суға тұншығып өлген. 5 ірі қара мен 2 жылқы шығын болған.
Мына қораны көріп тұрсыздар, бос қаңырап тұр. Осы қора малға тоылп тұрушы еді. Біраз мал бар еді, 74-і ағып кетті. Енді білмеймін үкімет көмек болса дұрыс болар еді. Жеті бала-шағам бар, сол бала- шағамның несібесі еді.
Қақпақ ауылының тұрғыны Зәйдін Құттиев бір күнде бар малынан айырылып қалғандардың бірі. Қазір қорасында тек көктемгі төлі қалыпты. Тасқын судан тіпті мініп жүрген жылқысы да өлуге шақ тұр. Енді малдың шығыны өтеле ме деп уайымдайды шаруа.
Зәйдін Құттиев, Қақпақ ауылының тұрғыны:
Кешегі табиғи апаттан бұл жылқы су жұтып қойған. Доқтырларға емдетіп жатырмыз, тұрмай жатыр. Одан кейін біраз қойдан кетіп қалды. Кезекке бір сегіз үй қосамыз. Ауылдан 200 бас па кеткен ғой.
Қақпақ ауылында бас-аяғы екі жүзден аса мал қырылды. Қазір ауылда мал шығыны әлі есептеліп жатыр.
Марат Міршиев, Қақпақ ауылының тұрғыны:
Өріске шығарып бағамыз, кезек қойдан кеткен бәріміздікі. Інішектер бар, нелер бар, 75 бас кеткені олардан. 70, 50 бас кеткені бар. Он бастан уже жоғары кеткен ғой бәрімізде. Қазір қойлардың барлығын өріске шығардық, біреуінің қозысы жоқ қойы бар. Енді бірінің қозысы болса қойы жоқ. Бәрі жетім қалып отыр үйде.
Сарапхана ауылының тұрғындары сол өлген мал дұрыс саналмады деп отыр. Яғни, суға кеткен малдың саны азайтылып, сырғаланбай қалғандары есепке алынбапты. Бұл ауылда жұрттың малын бағатын қойшының қорасындағы 400 қойдың 213-і арам қатқан. Бірақ жергілікті билік өлген малдың санын 157 деп есептепті.
Нұрғали Қоңыратбаев, малшы:
Сырғаланбаған малды есепке алмаймыз деп жатыр. Оны үш жылдан бері сырға салуды тоқтатқан өздері. Сырға салуды қойды. Баяғыда жылда көктемде салушы еді, енді ондай жоқ. Мен соған үрейленіп отырмын. Мына халық еш болмаса мал басына шығынын өтеп алса деп жүгіріп жүрмін мен.
Тасқыннан зардап шеккен ауылдардардың базбірі әлі күнге балшықтан арыла алмай жатыр. Себебі арнайы техника мен адам күші жетпейді. Ал жергілікті халық болса жылда су алатын аумақта арықтарды кеңейту керек дейді.
Еркебек Үркімбаев, Сарапхана ауылының тұрғыны:
Бізге жылда су келеді бұл. Тым мұндай болмаушы еді. Биылғы су басқаша болды. Негізі мынау құйылатын судың несін көпірін дәу қылу керек қой бұл жерге. Мына жақтан ауылдан келген судың барлығы осы жерден өтеді. Мынау тар болғаннан кейін су мына жаққа қарай кіріп кетіп жатыр. Сол үшін дәуейтіп, плита труба қою керек.
Қазір аулалар мен қора-қопсыны лайдан тазалауға көршілес бес ауданнан ерікті жастар көмекке келді. Сондай-ақ, бес басқарманың қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылды. Бағыс ауылындағы су шайған жалғыз көпір де уақытша жүруге жарамды етіп жөнделді. Бұдан бөлек «Қазақстанның қызыл айы» қоғамдық ұйымы ауылдарды аралап, жұртқа киім кешек пен төсеніштер таратып жатыр. Ал, күні кеше су басқан ауылдың әрбір тұрғынына, яғни мыңнан аса адамға жүз мың теңгеден таратып шықты. Мұның өзі жабырқаған жұртқа демеу болып отыр. Аудан әкімдігі де өтемақы төлеуі тиіс.
Арман Абдуллаев, Қазығұрт ауданының әкімі:
Төтенше жағдайлар бойынша өтемақы екі қаржы көзінен қаржыландырамыз деп жоспарлап отырмыз. Біріншісі құжаты түгел заңды болған дүниенің барлығын бюджеттің есебінен өтемақы өтейтін боламыз. Ал енді көбінесе қора жайларды, қора қопсылардың, қырылған малдардың ішінен жаңа туған қозы лақтардың әлі сырға салынып, базаға енгізілмегені анықталып отыр. Оларды жеке қаржылардың, демеушілердің есетінен қаржыландырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Арнайы комиссия өлген малға қанша теңгеден төленетінін жария етті. Оның көлемі 10 мың теңгеден 130 мың теңге аралығында болады. Сондай-ақ, көктемгі төл мен сырғаланбаған төрт түлікке де өтемақы беру жағы қарастырылмақ. Шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен де қолдау көрсетілетіні хабарланды. 1 баспананың құлағаны расталып, тағы 5 үйдің жарамдылығы тексеріліп жатыр. Қалған ғимараттар мен үйлердің, қосымша құрылыс нысандарының шығыны да есептелуде.
Айнұр Ақбаева