Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған Шекара академиясының үш курсантының отбасына пәтер берілді. Әділхан Жайық, Мейірхан Бітім және Дәулет Жұмарбеков жаппай тәртіпсіздік кезінде, стратегиялық нысандарды қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты. Пәтер кілттерін тапсыру рәсімі Ұлттық қауіпсіздік қызметі шекара академиясында өтті. Шараға марқұмдардың ата-анасы мен жақындары қатысты. Бұған дейін Мәжіліс отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселенің 25 сәуірге дейін шешілетінін айтқан. Еске салайын, Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде бес шекарашы көз жұмды. Президент жарлығымен олар үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған.
Ғылхан Ереншиев, Әділхан жайықтың әкесі:
Батырлығын көрсетіп, Отанын қорғаймын деп қаза тапты. Халқымыз аман болсын. Бейбітшілік өмір болсын. Өстіп қолдап, әруақтарын құрметтеп жатқандарыңызға бәріне рақмет. Қазақстан еліне рақмет айтқым келеді.
Қуан Нұрақын