Ресей әскері "Азовсталь" зауытын штурммен алуға қайта кірісті. Кәсіпорын аумағы бірнеше сағат бойы бомбаланған. Одессаға зымыранмен соққы беріліп, 14 жастағы бала қаза тапты. Ресей күштері Украинаның бірнеше облысына әуеден оқ жаудырып жатыр. Ал Ұлыбритания Киевке 375 миллион доллардың қаруын беретінін жариялады. Америкалық басылымдар Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы "әскери операцияны" соғыс деп жариялауы мүмкін деп хабарлады.
Украина аумағындағы әскери қақтығыс 69-күнге ұласты. Соңғы деректерге сай, Ресей әскері "Азовсталь" зауытын штурммен алуға әрекеттеніп жатыр. Бұған дейін авиация кәсіпорын аумағын бірнеше сағат бойы бомбалаған. Одан тұтанған өрттің түтіні күллі Маруипольге тарады. Ал Ресейдің қорғаныс министрлігі болса, Украина әскері тыныштық режимін пайдаланып, атысқа көшті деп мәлімдеп отыр. Кейбір ақпаратқа қарағанда, зауытта әскерилермен бірге 200-дей бейбіт тұрғын бар. Бірер күн бұрын өнеркәсіп кешенінен жүзден астам адам эвакуацияланды.
Дмитрий Кулеба, Украина сыртқы істер министрі:
"Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қызыл крестің көмегімен жүзеге асырылды. Айтарым, бейбіт тұрғындар ғана эвакуацияланды. Зауытта Украина қорғаушылары, олардың арасында ауыр жараланған сарбаздар қалды. Олардың өмірін ресейлік армияның бақылауына қалдыруға болмайды".
Бұған дейін Ресей армиясы Одессаға зымыранмен соққы беріп, 14 жастағы бала қаза тапты. Харковь, Луганск облыстарына әуеден оқ жаудырылып жатыр. Донецкіде артиллериядан атылған оқтан 3 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Батыс барлаушыларының дерегінше, Мәскеу Луганск және Донецк облыстарын Ресейге қосу туралы референдумды мамырдың ортасында өткізуі мүмкін. Херсон облысын да тәуелсіз республика деп жариялауды жоспарлап отыр. Ресей қорғаныс министрлігі жаңа дерек келтірді.
Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:
"Одессадағы әскери аэродромға "Оникс" зымырандарымен соққы берілді. "Байрақтар" дрондары, АҚШ пен Еуропа елдері жеткізген зымыранға қарсы қару мен оқ-дәрі жойылды."
Батыс елдері болса, Ресейге қарсы санкциялардың 6-шы пакетін жарияламақ. Шектеу аясында осы елдің мұнайын сатып алуға эмбарго енгізіледі. Сонымен бірге Украинаға әскери қолдау беруді күшейтті. Мәселен, Ұлыбритания Киевке 375 миллион доллардың қаруын бермек.
Арай Төлегенқызы