Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған 28 дерек анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған 28 дерек анықталды

04.05.2022

Түркістан облысында жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдаланған 28 дерек анықталған. Қазіргі таңда өңірлік Полиция департаменті 8 іс бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Сайрам ауданы бойынша 4 жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкердің келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған. Сондай-ақ су қорғау белдеуіне орналасқан және келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 17 келісімшарт және 1 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылды. Жер қойнауына қатысты құқықбұзушылықтар негізінен Ақсу, Бадам, Арыс және Келес өзендерінің бойында тіркелуде. Сонымен қатар, Кентау қаласы мен Сауран, Отырар аудандары аумағында да кездеседі. Салдарынан халық тығыз орналасқан аумақтарда бұлақ көздері тартылып қалып жатыр. Сала мамандарының сөзінше, өткен жылы 40 кен орнына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 27-сінен түрлі кемшіліктер анықталған.

Мұрат Қабденов, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы:

Қазіргі таңда аталған 27 істің біреуі сотқа жолданған. 19 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жалғасуда. Құқықбұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 26 бірлік техника заңды шешім қабылданғанша уақытша айыптұраққа жабылды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу