Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында сумен қамту көрсеткіші төмен - Қайырбек Өскенбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында сумен қамту көрсеткіші төмен - Қайырбек Өскенбаев

04.05.2022

Өңір әкімдері сумен қамтамасыз етудің кешенді жоспарын қайта қарап, апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл түрде жөндеуі тиіс. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осындай тапсырма берді. Өйткені мың жарымнан астам ауылдың жұрты әлі күнге дейін сапалы суға жарымай отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, әсіресе Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында сумен қамту көрсеткіші төмен. 74-83 пайыз Шамасында. Жамбыл облысы да көш соңында. Сол үшін биыл қаржы көлемін ұлғайтып, 120 ауылды орталықтандырылған су жүйесімен қамтып, халық саны аз 220 елдімекенде арнайы блок-модульдер орнату көзделген.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Осы жылы бұл мақсаттарға нақтылауды ескере отырып, республикалық бюджеттен 215 млрд теңге көзделген, оның ішінде қалаларда – 120 млрд теңге және ауылдық елді мекендерде 95 млрд теңге. Бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқының 98,5 пайызын, ал ауыл халқының 94,7 пайызын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үкімет басшысының айтуынша, ауыл азаматтарының суға жарымай отыруына, құбыр тарту ісінің созбалаңға салынуы себеп. Осындай 10 жобаның 7-еуі пайдалануға берілген. Қалған үшеуі биыл іске асуы тиіс. Жалпы 2025 жылға дейін ел азаматтарын 100 пайыз тіршілік көзімен қамту көзделіп отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Сондықтан әкімдіктер ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына ерекше мән беруі тиіс. Ауызсу мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Сол үшін әрбір шешім уақтылы қабылданып, нәтижелі болуы керек.


Хабарламаларға жазылу