Павлодарда антигаджеттік ойыншықтар шығарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда антигаджеттік ойыншықтар шығарыла бастады

04.05.2022

Павлодардағы АП-162/3 түзеу мекемесінде антигаджеттік ойыншықтар шығарыла бастады. Жазасын өтеушілер оларды ағаштан ойып, қолдан жасайды.

Дархан Нұрымбетов машина жасау саласының инженері. Шалыс басқан қадамы оны зауытта емес, шағын цехта жұмыс істеуге мәжбүр етті. Әзірге өндірісте 5 адам жұмыс істейді. Негізінен жүк көліктерінің ойыншық макетін жасап жатыр. Желім, шеге деген атымен қолданылмайды. Әр бөлшекті алынбалы-салынбалы етіп, құрастыруға лайықтайды.

Дархан Нұрымбетов, жазасын өтеуші:

Мынау темірден істелінген емес, пласмас та емес, мына ойыншықтар ағаштан ғана істелінеді. Сондықтан біз өзімізше ләззат аламыз. Есімізге балаларымыз келеді.

Ерекшелігі сол, бұл ойыншықтар боялмайды. Экологиялық таза және баланың ойнауына мейлінше қауіпсіз етіп жасалған. Өндірісті тұзеу мекемесінде ұйымдастыруымыздың себебі, жазасын өтеушілерге жұмыс беруді ойладық. Екіншіден өнімнің өзіндік құны арзанға түседі. Біз бұл жерде балаларға арналған ойыншықтарды ғана жасаймыз, дейді жоба жетекшісі Эмин Аскеров.

Эмин Аскеров, әлеуметтік жоба жетекшісі:

Менің екі ұлым бар. Бұл бастамаға себеп болған солар. Ойыншықтың жаңа үлгісін алдымен солар сараптамадан өткізеді. Негізінде біз баланың ойлау қабілетін күшейту, ерте бастан еңбекке деген қабілетін осы ойыншықтар арқылы дамытуды ойластырдық. Мәселен, телефонда отырғаннан өзіне керекті ойыншықты құрастырып алуға әр жеткіншек ынталы ғой.

Әлеуметтік тың жоба жергілікті әкімшілік тарапынан да қолдау таппақ. Өнім сертификатталғаннан кейін мектепке дейінгі мекемелерге сатып алуды қарастырамыз, деді облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова. Әзірге бұндай ойыншықтарға балама өнімдер жоқ.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу