BI Group коронавирус госпитальдарын салу кезінде өңірлердегі бұзылған ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

BI Group коронавирус госпитальдарын салу кезінде өңірлердегі бұзылған ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған

04.05.2022

BI Group коронавирус госпитальдарын салу кезінде өңірлердегі бұзылған ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған. Оған мысал Атырау облысы Опорный кентіндегі мұнай кен орны қызметкерлеріне арналған жатақхана. Құны 5 жарым млрд теңгенің модульдік ауруханасын салу үшін, ескі жабдықтар Алматыға жіберілген. «Жалпы алып компанияға қатысты шулы жайттар көп» - дейді депутаттар. Түркістандағы жұқпалы аурулар ауруханасын тапсыру кезінде пайдалануға дайын болмаған. Ал Алматыда салынған аурухананың жылуы жоқ. Жамбыл Ахметбеков BI холдингі жобаларының басым бөлігін мердігерлер жүзеге асыратынын, олардың бірқатары банкротқа ұшырағанын айтты. «Бұл – салықтан жалтарудың жолы шығар» деп топшылайды. Ол компанияны жіті тексеруді ұсынып, премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және облыстық мәслихаттар жанындағы арнайы комиссиялар тексеріс ұйымдастыруы керек. Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Есеп комитетінің қатысуымен олардың сметалары мен шығындарына шынайы баға берілуі тиіс. BI Group тарапынан өңірлерде бірқатар коронавирус госпиталін салу кезінде мемлекетке келтірілуі мүмкін залалды тергеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік осы жұмыстарды үйлестіргені жөн.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу