Мәдениет министрлігі Ұлттық Сурдлимпиада комитетін сотқа бермек. Себебі, олар Бразилияда өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарына апаратын спортшылар тізімін алдын-ала келіспеген. Жалпы жарысқа 29 спортшы қатысып жатыр. Даудың басы Еркебұлан Қанафин жеңіп алған алтын медальдан басталды. Сурдлимпиада комитеті Қазақстан заңнамасына қарамастан, өз тарапынан бірқатар спортшыларды, оның ішінде Еркебұлан Қанафинді жарысқа апарған. Бірақ Бразилиядағы сараптама оның есту қабілетінде кінәрат жоқ екенін анықтаған. Ол бұрын-соңды есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатыспаған. Ұлттық құрама командасының мүшесі емес және дене мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорт ұйымдарында тіркелмеген. Министрлікте аудиограмма нәтижелері және жалпы спортшының денсаулық жағдайы туралы ақпарат жоқ. Осыған қарамастан Ұлттық Сурдлимпиада комитеті спортшыны өз есебінен жарысқа жіберіп, Қазақстанның беделіне әлемдік спорт қоғамдастығының алдында нұқсан келтірді, дейді министрлік өкілдері.