Республикалық референдумға 11 млн 700 мыңға жуық адам қатысуға құқылы. Бұл туралы бүгін орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты. Десе де, статистика нақты болуы үшін, әр өңірдің әкімі "қатысу құқығы бар адамдардың" тізімін 15 мамырға дейін учаскелік комиссияға беруі тиіс. Жалпы, референдум толық өтуі үшін, дауыс беруге құқылы азаматтардың тең жартысы қатысуы шарт. Тек Қазақстанда ғана емес, 51 мемлекетте арнайы учаскелер жұмыс істейді. Отандастарымыз шетте жүріп-ақ референдумға қатыса алады. Ал, бюллетенде конституциядағы өзгерістерді "қолдаймын" немесе "қолдамаймын" деген пікіріңізді білдіру үшін "иә" немесе "жоқ" деген екі нұсқаның бірін таңдайсыз. Дауыс беру кезеңінде эпиджағдай ушықса «Ашық қосымшасы» қолданылады. Орталық Сайлау комиссиясы бүгін Референдумның өту тәртібін бекітті.
Константин Петров, Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары:
Референдум 1995 жылғы 2-қарашадағы "Республикалық Референдум туралы" конститутциялық заң тәртібіне сай ұйымдастырылады. Жоспарға сай 15-мамырға дейін комиссиялар мен сайлау учаскелері құрамының тізімдері жарияланады. Ал 16-25 мамыр аралығында комиссия дауыс беру орны, уақыты мен күнін хабарлайды. Референдумға шет мемлекеттен бақылаушылар қатыса алады. Тек аккеридтация 30-мамырға дейін өткізілуі тиіс))
Заң нормалары бойынша үгіт-насихат жүргізуге рұқсат етіледі. Ол референдум туралы жарлық енгізілген сәттен басталып, 4-маусымда, яғни тыныштық күніне дейін аяқталуы тиіс. Ал анонимді түрде үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Барлығы ашық болуы тиіс. Референдум 5-маусымда сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Дауыс беру қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылып, қаулымен бекітіледі. Комиссияның қорытынды есебі дауыс беруден кейін 7 күн ішінде жариялануы тиіс.
Раушан Сайлауқызы