Алматыда 60 жастан асқан мерейтой иелері қала көшелерін аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 60 жастан асқан мерейтой иелері қала көшелерін аралады

30.07.2014
Алматыда 60 жастан асқан мерейтой иелері қала көшелерін аралады

Бүгін Алматыдағы Түрксіб ауданының әкімшілігі өздеріне қарасты этномәдени бірлестіктердің мерейтой иелеріне тамаша тарту жасады.

Жылдағы дәстүрге сай, арнайы автокөлік жалдап, қарттарға қаланың көрікті жерлерін аралатты.

Айта кету керек, биылғы шара - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.

Діні, тілі бөлек болғанымен, ниеті бір әр ұлт өкілдері бірін-бірі туған күндерімен құттықтап, ел тыныштығын тіледі.

Метроға мініп, әсем безендірілген нысанда естелікке суретке түсті. Қастеев музейінің тамаша туындыларымен көңілдері марқайған ардагерлер Тұңғыш Президент паркінің көркіне тамсанды.

Нина Ермакова, орыс этномәдени бірлестігінің өкілі:

Бүгінгі күн мен сияқты мерейтой иелеріне қуаныш сыйлағысы келгендей. Табиғат та тамаша. Қаланы аралап, көңіліміз көтеріліп қалды. Мұнда көпұлтты ауданымыздың өкілдері жүр. Көбіміз бір-бірімізді бұрыннан танимыз. Көрген жерде шүйіркелесе кетеміз. Бұл - бірліктің белгісі. Осы тұтастығымыз ұзағынан болғай!

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу