Украина армиясы Харковь түбінде қарымта шабуылға кірісіп, бірнеше ауылды қайтарып алды. Осылайша, украиналық жауынгерлер қарулы қақтығыстың қарқынын өзгертіп, Ресей әскеріне жауап бере бастады. Айта кетсек, ресейліктер қақтығыс басталғалы Харковь маңындағы бірнеше елді мекенді жаулап алған. Енді олар солардан бірте-бірте айрыла бастады. Ал, Украина күштері қазір оккупацияланған территорияларды азат етіп қана қоймай, Ресей шекарасына жақындап қалған. Мәскеу болса, ресейліктердің Луганск облысындағы Попасная қаласын басып алып, «Змеиный» аралы үшін ұрыста Украина әскерін үлкен шығынға ұшыратқанын хабарлады.
АҚШ Ұлттық барлау агенттігінің директоры Аврил Хейнс президент Владимир Путин Украинада ұзақ шайқасқа әзірленіп жатыр деп есептейді. Оның пікірінше, «Кремль басшысы Донбасстан тыс жерлерде де көздеген мақсатқа жетуге ниетті. Бірақ, оның бұл ұмтылысына Ресейдің қазіргі әскери әлеуеті сәйкес келмейді». Айта кетсек, соңғы кездері Ресей әскері Украинаның шығысында да тұралап, ілгерілей алмай отыр.
Арыстан Рысбек