Алматыда су қабылдайтын каналдар жаңартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда су қабылдайтын каналдар жаңартылады

12.05.2022

Кеше Алматыда нөсер жауып, аулалар мен көшелерді су басты. Тіпті көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен жаяу жүргіншілер өткелдері де суға толды. Ірі сауда орындары да зардап шекті. Қалалық жасыл экономика басқармасы өкілдерінің сөзінше 11 мамыр күні екі сағатың көлемінде 34 мм жауын жауған. Салдарынан шаһарды су алып кетті. Оған себеп, су қабылдайтын каналдардың істен шығуы дейді мамандар. Қазір мегаполистегі жаңбыр суын өзендерге бағыттайтын 16 коллектордың төртеуі ғана жарамды.

Сондай-ақ кешегі қолайсыз ауа райынан 20-ға жуық ағаш құлап, 4 автокөлік пен тұрғын үйді зақымдаған. Мәселені шешу үшін, арық жүйесін жаңарту жұмыстары қолға алынды. Қазір бұл жұмыстарымен 6 бригада айналысып жатыр. Синоптиктер, алдағы екі күнде жаңбыр жауып, екпінді жел соғады және бұршақ жауып, найзағай соғуы мүмкін екенін ескертті.

Серік Әділбаев, Жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Қазіргі күні 376 шақырым арық жүйесін жөндеуге жобамыз дайын болса, оның ішінде 119 шақырымды жөндеу жұмыстарын бастап кеттік.  Жобамыз бойынша біз 12 коллекторды тазартамыз. Осы жобаның аясында бүкіл Алматы қаласындағы арық жүйесін қосамыз.


Хабарламаларға жазылу