Сарапшылар: Ресейде 5 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Ресейде 5 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін

12.05.2022

Ресейге салынған санкциялар саны 10 мыңнан асты. Сарапшылар көрші елде кем дегенде 5 миллионға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтады. 

Индира Бегайдар, тілші:
Мамандар санкциялардың салдары енді бір, екі айдан соң қатты сезіле бастайды дейді. Ресейде 70 миллионға жуық адам жұмыс істесе, оның әрбір оныншысы екі қолға бір күрек таппай қалуы мүмкін. Қазіргі күні шетелдік 5000 бренд, 500 компания Ресей нарығынан кетуге дайындалып жатыр. Санкция салдарынан техника 30 пайызға қымбаттаса, ұялы байланыс операторлары да қызметін 10 пайызға өсірген. Ал нан бағасы бірден алпыс пайызға көтерілді.
Валентина Соколова, зейнеткер:
Бәрі қымбаттады, бірақ аштан қатпаймыз. Қант, ұн, күнбағыс майын тіпті енді алмайтын шығармыз. Өзімізде өндірілетін азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Дәрі-дәрмек құны 50 пайызға өскен.
Ресей дағдарыс басталғанға дейін тәулігіне 7,4 миллион баррель мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттаған. Логистика бұзылғандықтан, қара алтынды тасымалдау қиындап, экспорт жиырма пайызға дейін төмендеді.

Қазір іргелес елде «Мир» карталары ғана жұмыс істеп тұр, алайда ол арқылы шетелге немесе шетелден ақша аудару мүмкін емес. Сондықтан Ресей азаматтары Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанға барып, банк карталарын ашуда. Тіпті Мәскеуден Ташкентке бұл мақсатта арнайы турлар ұйымдастырылып жатыр. Ресейде уақытша тұрып жатқан Қазақстан азаматтары да банк карталарын пайдалана алмай, қымбат болса да, жедел халықаралық аударымдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. 

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу