Жамбыл облысында апатқа ұшыраған жолаушылар автобусы Өзбекстанға тиесілі болып шықты. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Кеше Алматы-Ташкент трассасында рейс автобусының жүргізушісі жаңбыр мен бұршақ кезінде көлікті басқара алмай, трактордың тіркемесіне соғылып, жол жиегіне аударылып қалған еді. Салдарынан оқиға орынында екі адам қаза тапты.
Соңғы мәліметке сүйенсек, жол апатынан зардап шеккендер саны артқан. Дәрігер көмегіне 48 адам жүгініп, 16-сы жарақатына байланысты ауруханаға жатқызылған. Ал жансақтау бөлімінде 4 адам жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті көлікте болған жолаушылар мен жүргізушілердің жақындары мен туыстарына психологиялық көмек көрсететін «шұғыл желі» ашылғанын хабарлады.