Үкімет басшысы Маңғыстау облысында өндіріс нысандарын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Маңғыстау облысында өндіріс нысандарын аралады

13.05.2022

Маңғыстау облысында су тұщыту зауытының қуаты биыл 2 есе артады. Нәтижесінде өңірде ауыз су мәселесі шешіледі. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов зауытты қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Сондай ақ, Премьер министр облыс аумағында, оның ішінде Жаңаөзен қаласында жаңа жұмыс орындарын ашу үшін инвестициялық жобаларды іске асыруды тапсырды.

Зауыт қазір тәулігіне 20 мың текше метр су тұщытады. Оны Мұнайлы мен Қарақия аудандарының тұрғындары тұтынып отыр. Сондай-ақ, теңіз жағалауындағы туристік нысандарға да осы су жіберіледі. Ал, модернизация жұмыстары аяқталғанда, өндірілетін ауыз судың көлемі - 40 мың текше метрге жетпек. Ол кезде Ақтау қаласының да сұранысы өтелмек.

Нұрлыбай Аққұлов, Су тұщыту зауытының директоры:
Жылдың аяғына дейін жалпы модернизациясыз 40 мыңға жеткізетін модернизациямыз мәресіне жету керек. Бұл жөнінде өткен қыркүйек айында Мемлекет басшысы келген кезде тапсырма берген болатын. 1 қондырғыны - тәулігіне 5 мың текше метр шығаратын осы мамыр айында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Үкімет басшысының қатысуымен «ҚазАзот» зауытында бейтараптау және буландыру бөлімі іске қосылды. Жаңа техниканың арқасында енді өнім көлемін 20 пайызға артпақ. Ең бастысы – ауаға бөлінетін шырын буы толығымен жойылады.

Арман Мәулешов, «Қазазот» АҚ бас директоры:
Қазір 380 мыңға жақындадық. 380 мыңға енді мынаны қосқан кезде 400 мыңнан астам шығады құдай қаласа. Өйткені біздің Қазақстан бойынша 600-700 мың селитра керек негізінде. Сол үшін біз Қазақстанның компаниялары импорттайды оны Россиядан алып келеді, Өзбекстаннан алып келеді. Мына «Импорта замещение» бағдарламасы бар ғой соның тарабынан соны жасап жатырмыз.

Жаңа бөлімнің құрылысы 2 жылда аяқталды. Қазір мұнда 22 адам тұрақты жұмыс істейді. Аммиак селитрасы - ауыл шаруашылық саласына аса қажетті өнім. Ал, аталған зауыт азотты минералды тыңайтқыштарды өндіретін елдегі ең ірі кәсіпорын.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Халықтың әлауқатын көтеру үшін, жалақыларды көтеру үшін, осындай жобалар керек. Сондықтан осы инвест жобаларды іске асыру жұмысын кеңінен қою керек. Біз оны қолдауымыз өз тарапымыздан. Биыл біз Маңғыстау облысын қосымша қаржыландырдық. Қосымша тағы да 26 млрд теңгедей қаржы бөлінді облысқа. Ары қарай да қолдаймыз.

Премьер-министр Ақтау халықаралық теңіз портынының жұмысымен де танысты. Содан соң теңіз жағалауындағы туристік аймаққа барып, инвестициялық жобаларды көрді. Қазір қонақ үй кешендерінің, виллалар мен гольф-клубтың құрылысы қарқынды жүруде. Сапар аясында Үкімет басшысы мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтің ескертікішіне гүл шоқтарын қойып, музейін аралады. Одан кейін , облыс активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын пысықтап, нақты міндеттерді айқындады.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу