Елімізде өнімін экспортқа шығаратын компаниялар көбейіп келеді. Қазір тауарын тұрақты түрде сыртқы нарықта сататын 500 кәсіпорын бар. 2025 жылға қарай бұл санды екі есе көбейту көзделген. Бүгін нлордада экспорттаушылардың I-форумы өтіп, сыртқы сауданың қыр-сыры талқыланды.
Жұмыс істеймін, жаңа өнім шығарамын деген адамға ештеңе кедергі бола алмайды. Бұған Әсем Кенжебектің кәсібі дәлел. Ол 2 жыл бұрын пандемия шарықтап тұрған кезде органикалық жем қоспасын шығаратын кәсіпорын ашқан. Бүгінде инновациялық өнімін бірнеше мемлекет алып отыр.
Әсем Rенжебек, кәсіпкер:
Ең бірінші Ресей, одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан келді. Осы жылы Иран мен Біріккен Араб Әмірлігімен келісімшарт жасаймыз деген жоспар бар.
Қазақстан тауарларының жартысынан көбі Еуропаға Ресей арқылы жеткізілетін. Бірақ қазіргі геосаяси жағдайда бұл бағытпен экспорт жасау қиындап кетті. Еліміздің сыртқы саудасына пандемияның да кері әсері көп болды. Сондықтан елдегі экпортшыларды қолдау үшін мемлекет бірқатар шара қабылдады.
Нұрлан Құлбатыров, «QAZTRADE» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ директорының орынбасары:
Экспортшылардың шығыны көп болады. Қазақстан мұхит, теңізге тікелей шыға алмайды. Сонымен қатар геосаси жағдайлар бағыттардың күрделенуіне алып келді. Сондықтан біз қазір жаңа бағыттар жасап жатырмыз. Бұл орайда экспорттаудағы көлік және басқа да шығындарды мемлекет жеткізіп болғаннан кейін бір бөлігін өтей алады.
Тауарды интернет арқылы да сатуға болады. Сондықтан қазақстандық компанияларға онлайн сауда платформасына шығуға көмек көрсетілді. Мемлекет тарапынан өңдеуші кәсіпорындарға көп қолдау беріліп жатыр. Осының арқасында шикізаттық емес экспорт көбейіп келеді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министірінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
Үш жыл бұрын министрлік құрылған кезде тұрақты жұмыс істейтін экспорттаушылардың саны 300-400 болған. Қазір 500-ге дейін жеткіздік. Біздің мақсатымыз – жыл сайын 100 жаңа экспортшыны дайындап, нарықққа шығарып, 2025 жылға дейін олардың санын мыңға жеткізу.
Форумға сыртқы сауданың қыр-сырын жақсы меңгеріп алған, тәжірбиелі экспортшылар да қатысты. Басқа елдің нарығына шығуға қатысты ой-пікірлерін білдіріп, жас компанияларға ақыл-кеңестерін айтты.