Украинадағы ахуалға тоқталайық. Киев те Мәскеу де қарулы қақтығыс қашанға дейін созылатыны белгісіз деп мәлімдеп отыр. Батыс елдері болса, Украинаға әскери көмек беруді арттырып, Ресейді оқшаулауды күшейтуге келісті. Осы аптада Ресей БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен шығарылып, оның орнын Чехия басты. Ал АҚШ президенті Джо Байден Украинаға қару экспортын жеңілдететін және тездететін «ленд-лиз» заңына қол қойды. Бұған сәйкес, Киев Құрама Штаттардан алған әскери техниканың құнын кейін өтей алады. Мұндай құжат Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашизмді талқандауға көмектескен еді. Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Украина әскері елдің екінші ірі қаласы Харковьті ресейлік күштерден босатты. Қала мэрінің сөзінше, шаһарда тыныштық орнап, тұрғындар қайта орала бастаған. Дегенмен қауіп әлі сейілген жоқ. Бұған дейін Украина әскері қарымта шабуылға көшіп, Харковь маңындағы бірнеше ауылды азат етті. Британия Қорғаныс министрлігінің бүгінгі дерегіне сай, Ресейдің Донбастағы шабуылы баяулаған. Маневрлерге өткелдер мен көпірлердің жетіспеуі кедергі делінген ақпаратта. Оған сенсек, Ресей әскеріне қайта күш жинау үшін бір айдай уақыт қажет. Ал президент Зеленский сенбіде Донбастағы жағдай әлі де күрделі деп мәлімдеді.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
Ресейлік күштер қалай болса да жеңіске жеткенін көрсетуге тырысып жатыр. Харковьті қайтарғанымыздай Донбасты, Приазовье мен Херсонда да осы жеңісті қайталауға барын салып жатқан әрбір ер мен әйелге алғыс айтамын. Оккупанттарды біртіндеп Украина жерінен, теңізінен кетуге мәжбүрлеп жатырмыз.
Мариупольдағы Украина әскерінің бақылауындағы жалғыз ғана нысан – «Азовстальда» шайқас әлі жалғасып жатыр. Зауытта қару тастаудан бас тартқан екі мыңдай украиналық сарбаз бар. Олардың жүздегені жаралы. Киев «Азовстальдағы» әскерилерін ресейлік тұтқындарға айырбастау туралы ұсыныс жасағанымен, Мәскеу үнсіз. Түркия болса, ауыр жараланған сарбаздарды өз кемесімен эвакуациялауға дайын екенін мәлімдеді.
Украина мәселесін осы аптада Германияда бас қосқан «Үлкен жетілік» елдері талқылады. Олар Ресей әскери агрессия арқылы өзгертуге тырысып жатқан шекараларды ешқашан мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге Киевке жылдар бойы әскери көмек көрсетуге уәде берді. Ал Мәскеуге экономикалық және саяси қысымды арттыруға келісті.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзінше, Батыс гибридті соғыс жариялап отыр.
Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:
Мұның бәрі қашанға дейін жалғасары белгісіз. Бірақ оның салдарын барлығы да сезінеді. Батыс саясаткерлері біздің елімізді оқшаулауға тырысу әрекеттерінен түк шықпайтынын түсінуі тиіс. Көптеген сарапшы мұны мойындағанымен, үнсіз отыр.
Ресейдің Украинаға басып кіруінің бір себебі - НАТО-ның кеңеюіне жол бермеу деген пікір бар. Дегенмен бұдан кейін бейтараптық сақтап келген екі мемлекет Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуға құлшынысы артты. Тіпті Финляндия президенті Саули Ниинисте Ресей президенті Владимир Путинге хабарласып, әскери одаққа кіру туралы шешім қабылдағанын айтқан. Кремль басшысы болса, мұндай шешім екі елдің қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін деп жауап берді. Осыдан кейін Мәскеу Хельсинкиге сенбіден бастап электр қуатын беруді тоқтатты.
Арай Төлегенқызы