Түркістан облысының Қазығұрт ауданында да сел жүріп, 69 үйге су кірді. Ал, Жетісай ауданында бес жүз гектардан аса егістік алқапты су шайып кетті. Мақталықтар мен көкөнісі судың астында қалған шаруалар қып-қызыл шығынға батты.
Қазығұрт ауданында жарты–ақ сағат жауған жауынның соңы селге айналып, 69 үйдің ауласына су лап қойды. Ауылдағы 13 көшені шайып өтіп, қосымша құрылыс нысандары мен қора-қопсы тегіс судың астында қалды. Мал шығыны болмағанымен 2 қора құлап, 1 тұрғын үй тұруға жарамсыз болып қалды. Тұрғындар уақытша басқа баспанаға көшірілді.
Надежда Горожанкина, Қазығұрт ауылының тұрғыны:Жаңбыр суы жоғарыдан өзен секілді ақты. Ал үйдің ішіндегі су тізеге дейін жетеді. Киімдерімізбен азық-түлігіміз жарамсыз күйге түсті. Үйдегі тауықтарымыз бен мысығымызды аман алып қала алмадық.
Тұрғын үйлер мен аулаларды судан тазартуға 150 ден астам адам жұмылдырылды. Сарыағаш пен Ордабасы аудандарынан да мамандар көмекке келді. Еріктілер мен ауыл тұрғындары бірлесіп, зардап шеккен жұртқа көмек көрсетті.
Арман Абдуллаев, Қазығұрт ауданының әкімі:Қазіргі анықтаулар бойынша бес үйдің ішіне су кіріп отыр. Ал төрт үйдің жертөлесіне су кірген. Қазіргі таңда өзіміздің аудандағы бар техниканы жұмылдырып, су сору жұмыстарын, су басқан жерлердің арық-атыздарын тазалап. техникамен қауіпсіздік шараларының барлығын қабылдап жатырмыз. Одан бөлек мына көршілес Сарыағаш ауданынан және Ордабасы ауданынан техника алдырып жатырмыз.
Бұл- Жетісай ауданы. Нөсер жауыннан шалғай ауданның Қазыбек би мен Ынтымақ ауылдық округіндегі бірнеше елдімекендердің егістік алқаптары су астында қалды. Әсіресе Жамбыл ауылындағы мақталықтарды су шайып кетті. Сондан бері екі күн өтсе де су жерге сіңбеген күйі жатыр.
Серік Омаров, шаруа:Төрт гектар жерім арғы бас жағына дейін су басқан жерде тұр. Сол жерді су басып жатыр енді қазіргі таңда. Мақталық жер. Қайтып егеміз ба, екпейміз ба шығын шығаруға тура келеді ау деп ойлап отырмыз . Төрт гектарға былайша айтқанда біз 1 млн теңгедей шығын шығарамыз ғой.
Шығын демекші егістігі су астында қалғандарға мемлекет есебінен өтемақы төленбеуі мүмкін дейді мамандар. Өйткені табиғи апат болғанына қарамастан әрбір диқаннан жеріне сақтандыру қағазы талап етіледі. Ал, ауданда сақтандыру компаниялары жоқтың қасы.
Нұрбосын Оразбаев, Қазыбаек би ауылдық округінің жер инспекторы:Төрт отводтың бойын тосыннан келген су басты. Соның ішінде зардап шеккені 288 гектар болды. Тек сақтандыру қорлары жәрдем береді. Ал ондай сақтандыру компаниялары субсидия біткеннен кейін келмейді бұл жаққа.
Табиғаттың тосын мінезінен 528 гектар аумақты су шайып кеткен. Соның ішінде 470 гектары мақта алқабы болса, қалғаны бақша дақылдары мен көкөніс өнімдерін еккен жерлер. Қазір жергілікті билік қаржылай көмектеспесе де арнайы техника бөліп, егістіктерді кептіруге қолғабыс етуде.
Айнұр Ақбаева