Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесу өткізді

17.05.2022

Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Президенттер күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады. Қазір ресейлік инвесторлардың қатысуымен машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі сияқты салаларда жалпы құны 4 миллиард доллар болатын 20 ірі жоба іске асып жатыр. Тараптар өзге экономикалық мәселелерді биыл күзде Орынборда өтетін Аймақаралық форумда талқылауға уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес. Сол себепті, мен, Үкіметімізге осы қарқынды және сауда мен инвестициялар көлемін сақтап қана қоймай, қазіргі геосаяси жағдайдағы барлық қиындықтарға қарамастан оларды арттыру жөнінде міндет жүктеймін.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Жалпы бізде барлық сала жақсы дамып келеді. Былтыр тауар айналымының өсімі 34 пайыз болды. Ресей компаниялары Қазақстан экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция салды. Бәрімізге түсінікті әрі белгілі қазіргі қиыншылықтарға қарамастан, жағдай жақсы дамуда.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу