Мариупольдегі «Азовсталь» зауыты төңірегінде жағдай өзгерді. Украина билігі одан 264 әскери қызметкердің шығарылғанын растады. Елдің Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың айтуынша, ауыр жараланғандардың 53-і өзін-өзі «Донецк халық республикасы» деп жариялаған аймақтың Новоазовск қаласына жөнелтілген. Қалғандары Оленевка ауылындағы фильтрациялық түрмеге жіберілді. Сонымен қатар, Маляр украин әскерилерін үйіне қайтару үшін «айырбастау процедурасы жүргізілетінін» хабарлады.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, зауытта «Азов» батальонының 600-дей сарбазы қалды. Олар әкетілсе, Мариуполь толықтай Ресей армиясының бақылауына өтеді.
Президент Зеленский болса, Украина армиясы «Мариуполь қорғаушыларын құтқару операциясын» бастағанын, бірақ бұл шаруа әдептілік пен уақытты қажет ететінін атап өтті.
Арыстан Рысбек