Еліміздегі жем-шөп тапшылығы мал шаруашылығының дамуын тежеп тұр. Өрісті төрт түлікке толтыруға субсидия саласындағы жемқорлық пен ветеринарлардың жетіспеушілігі де кедергі. Бұл тақырып бүгін Үкіметте талқыланды. Ет, сүт, шұжық және құс етінің импортын азайту үшін елімізде инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Осының арқасында соңғы 3 жылда құс еті бойынша импортқа тәуелділік 51-ден 35 пайызға төмендеген. Шаруаларды мемлекет те барынша қолдап отыр. Тауарлы сүт фермалары ашылып жатыр. Селекциялық жұмыс жақсарғанның арқасында асыл тұқымды мал көбейді. Алайда елімізде жыл сайын жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан екі есе аз дайындалады. Мал азығы аз болған соң оның бағасы да қымбаттай береді. Құрғақшылық пен жайылымдардың тозуы да малды көбейтуге кедергі болып тұр.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Азық базасының проблемасын шешу мақсатында өткен жылы Министрлік жемшөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Алайда, жергілікті жерлерде онда көрсетілген іс-шараларды іске асыру бойынша әлі де жүйелі жұмыс жоқ, мал шаруашылығын жемшөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасуда.
Берік Көшербай