Францияның әйгілі «TIJI» балалар телеарнасы енді қазақ тілінде хабар таратады. Балалар жылы аясында қолға алынған игі жоба Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі мен Францияның «GROUP M6» компаниясының бастамасымен жүзеге асты. Алдын ала жүргізілген зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі қазақстандық балалардың отандық өнімнен басқа, әсіресе осы телеарнаның өнімін сүйіп көретінін көрсетті. Аударма жұмыстары былтыр басталып, 70 сағаттық телеөнім мемлекеттік тілде дубляждалды. Кездесу барысында тараптар балалар үшін қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қамтамасыз ету маңыздылығына тоқталды.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Мен мультфильмдерді жақсы көремін.Уақыт болғанда қарап отырамыз. Әзірше, кабельдік жүйелерде көрсетіледі Қазақстанның территориясында. Болашақта шетелде, қиырда тұрған қазақстарға да таратуға болатын жолды табу керек.
Жан-Рене Окутюрье, «Group M6» компаниясының директоры:
Жоба аясында атқарылған барлық жұмыстар Қазақстанда жүзеге асырылды. Өз басым елде аталмыш салада ілгерлеушілік бар екенін, дубляж кәсіби дамығанын, жаңа студиялардың ашылғанын байқадым. Ал «TIJI»-дің басты мессенджі балаларды ойын арқылы қызықтырып, тәрбиелік мәні бар контент қалыптастыру. Бізде сондай-ақ, 2-ден 7 жасқа дейінгі балаларға арналған телеоқыту бағдарламасы қарастырылған.
Алла Гаврина