Сыр өңірінде Мәжіліс депутаттары Конституцияға енгізілетін өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде Мәжіліс депутаттары Конституцияға енгізілетін өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіруде

18.05.2022

Сыр өңірінде Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақты аралап, алдағы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіріп жүр. Осындай жиынның бірі «Amanat» партиясының қалалық филиалында өтті. Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев қызылордалық жастармен кездесіп, жалпыхалықтық референдумның мән-маңызына тоқталды. Жалпы Ата заңның 33 бабына толықтырулар мен түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Жаңа реформа мемлекеттің басқару жүйесіне өзгеріс енгізеді. Осы тұрғыда жастар да Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясын қолдап, еліміздің жаңа саяси бағытынан үлкен үміт күтетіндерін жеткізді.

Шернияз Жалғасбекұлы, белсенді жас:
Жастар өз болашағынан үміт ететін аудитория есебінде алдағы уақытта осы референдум нәтижесінде қолайлы Қазақстан, жайлы Қазақстан жастарға берілетін үлкен мүмкіндіктер, тең қоғам әділетті қоғамды күтеді.

Ал Солтүстік Қазақстанда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Халық қалаулысы Конституцияға енгізілетін өзгерістер аймақтардың дамуына үлкен серпін беретінін айтты. Жаңа өзгерістерге сай облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың барлығы халықтың сайлауымен бекітілмек. Сондай-ақ «мәслихат төрағасы» деген жаңа лауазым да пайда болады. Облыс әкімі болуға екі кандидатура ұсынылып, оны жергілікті мәслихаттар сайлайды.

 Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең негізгісі облыс әкімдері де осы мәслихаттың сайлауымен болады. Яғни, балама түрде сайлау болады. Бұл біздің өңірлердегі демократиялық процесстің ары қарай дамуына алып келетін ең негізгі механизм болып табылады.


Хабарламаларға жазылу