Сағат Әшімбаевтың туғанына 75 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сағат Әшімбаевтың туғанына 75 жыл

18.05.2022

Сағат Әшімбаев әр алуан тұлға. Бірақ, жұрт оның журналистік қырын жақсы білер. Ал, әдеби сыншылығы ықыласты оқырманға ғана таныс болуы мүмкін. Ол сынның шыңына шыққан. Жастайынан-ақ қисынсызды қиып түсер қынсыз қылыш болатын.

Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері:

Академик па өзі, кім деп жүрсек? Сол кезде қарасақ 24-25-ке келген жап-жас жігіт екен. Университеттің соңғы курстарында жүргенде мақалалары шығып әйгілі бола бастады.

«Көкірегі ашық, көңілі ояу». Бұл Сағатқа сай теңеу. Өйткені, оқуы көл-көсір. Түйгені көп. Үш бөлмелі пәтерінің екеуі сірескен кітап сөресі еді. Білгенін бөлісуге асық.

Алдан Смайыл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист:

Біз ерте есейіп едік. Шын мәнісінде бізді есейткен Сағат болатын. Ол бізді сан алуан оймен баурап алатын батыс, орыс, азия тұлғаларының шығармаларын қай уақытта оқығаны белгісіз, соларды мына мемлекет, ұлт, ел, оның рухы, тілі, дәстүрі жайлы және келешегі жайлы 99 ойын айтып, бізді тоғандыра беретін.

Үзеңгілестері оның үш қасиетін айрықша айтады. Ойлау жүйесі терең, сөзден мүдірмейтін шешен, ісі де ірі. Өзі кетсе де, өнері мен өнегесі қалды. Ендігі жерде бітім-болмысын саралап, талдап таныта беру керек.

Нұрлан Оразалин, ақын, драматург, қоғам қайраткері:

Ұстазы Зейнолла Қабдоловтың: біз жаңа дәуірді бастап отырмыз. Бұдан кейін қазақ өзінің Сағатын сағатымен өлшейді деген сөзді айтып еді. Соңғы сапарға шығарып салып тұрып. Міне көрдіңіз ғой сол сөзі академиктің дәл келді.

Халықаралық конференцияда «Сыншы мұраты» кітабының тұсауы кесілді. Тырнақ алды туындыдан бастап тағылымға дейінгі жазба жинақталған. Сағат ұлт мүддесі жолында тағат таппаған тұлға. Тележурналист ретінде де тер төкті.

Телевизиядағы тынымсыз еңбегі таспаға басылған. Жалпы, «Алтын қорда» 110 мыңнан аса бейне және аудиотаспа бар. Ең құнды деген материалдар «Алтын қор» онлайн медиапорталына жүктеле бастады. Сағат Әшімбаевтың да хабарларын сол медиапорталдан әлемнің кез келген нүктесінен еркін көруге мүмкіндік бар.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Ағамыздың тікелей жетекшілігімен ашылған, өн бойына ұлттың болмыс-бітімін, халықтың бары мен жоғын сыйғызған авторлық «Парыз бен қарыз», «Қауышу», «Жүректен қозғайық» хабарларын көрермен әлі күнге сағынышпен еске алады. 86-шы жылғы оқиғаны таспаға басып, тасада сақтаған ерлігі де тарихта қалды. Қазақ телевизиясындағы миссиясын «Парыз бен қарызы» арқылы өтеп, ұлт жоғын ұлттық экран арқылы түгендеп кеткен кеткен Сағат Әшімбаев ағамыздың бейнесі мен мұрасын дәріптеу ісі әрі қарай да жалғаса береді. Бұл – біздің парызымыз.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу