Соңғы кезде тәжік-ауған шекарасында жағдай ушығып тұр. Ресми мәліметтерге сәйкес, екі елдің шекарасынан заңсыз тасымалданатын есірткінің көлемі үш есе артқан. Бұл мәселе Орта азия елдерін ғана емес, ТМД төңірегін түгел алаңдатып отыр. Қауіп қатердің алдын алу үшін бірнеше елдің қақпасын күзеткендер бүгін Түркістанда бас қосып, шекарадағы бірлескен операцияларды жетілдіру мәселесін талқылады.
ТМД елдері шекарашылары осыған дейін бірлесіп, ұзақ жылдар іздеуде жүрген қылмыскерлер мен отызға тарта террорлық ұйымдардың мүшесін ұстады. Ал Тәжік-Ауған шекарасынан бір жылда 300 келіге дейін есірткі тәркіленген. Оның ішінде героин де бар. Сондай-ақ, Ауғанстан тарапында он мыңға жуық талибанның шекараға күш шоғырландыруы көршілес мемлекеттерді алаңдатып отыр. Түрлі қақтығыстардың алдын алу үшін достастық елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс. Түркістанда бас қосқан шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің мүшелері бүгін осындай ортақ ұсыныстарын айтып, маңызды шешімдер қабылдады.
Александр Манилов, ТМД елдері шекара әскерлерінің қолбасшылары кеңесі үйлестіру қызметінің төрағасы:
ТМД елдерінің шекарасында есірткі бизнесі мен түрлі қылмыстардың алдын алу үшін күш біріктіріп, арнайы сараптама жасайтын топ құрылмақ. Осы топтың мәліметтері аясында нақты шешімдер қабылданып, қауіпсіздік шаралары қолға алынады. Бүгінгі жиында сондай-ақ, өзара ақпарат алмасу мен бірлескен арнайы операцияларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Шекараны қорғау әдістерін жетілдіру мәселесі де пысықталды.
Биыл Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің құрылғанына - 30 жыл. Осы жылдар аралығында Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері кез келген қауіпсіздікке бірге тойтарыс беріп келеді. Биыл бұл кеңеске Түркіменстан да қосылды. Кеңестің алдағы жылға арналған міндеттері, ақпарат алмасуды жетілдіру, ғылыми-зерттеу және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктері қаралды.
Ербол Түлкібаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі департамент бастығының орынбасары:
Барлық қарап жатқан сұрақтарымыз наркотрафик бойынша, бөгет қою бойынша. Екінші, қару-жарақ бойынша,содан кейін миграционный мәселе қаралды. Соның ішінде жасағанымызда шекара қызметі трансшекарашылық операциялар өткіземіз. И бір бірімізде жұмыс істеп жатқан жігіттерді оқу жағынан жасап, сол жағынан қарастырып, өткізіп жатырмыз.
Кеңеске қатысқан ТМД-ның өзара іс-қимыл органдары мен өзге де терроризм мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес ұйымдарының өкілдері аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлер жайын сөз етті. Ақпарат алмасу мен шекараны бірлесіп күзету проблемаларын талқылады. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығы халықаралық ұйымдардың басшыларымен жеке форматта кездесу өткізді. Отырыс соңында шекара ведомстволарының басшылары 11 шешімге қол қойды. Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің кезекті отырысы Тәжікстанда өтеді.
Айнұр Ақбаева