Қарағанды облысының Талды ауылында балалар апатты мектепте оқып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Талды ауылында балалар апатты мектепте оқып жүр

18.05.2022

Қарағанды облысының Талды ауылында балалар апатты мектепте оқып жүр. Білім ордасы қазір темір құрсаулардың көмегімен тұр. Оған да біраз жыл өткендіктен баспалдақ пен төбенің бетон жабындылары ойнап, ғимарат қабырғасы қақырап барады. Ұстаздар мен ата-аналар балалардың өміріне төнген қауіпке алаңдаулы. Ауылға қашан жаңа мектеп салынады?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Талды ауылындағы мына мектеп ғимаратының 2005 жылдан бастап қабырғасы қақырап, іргетасы сыр берген. Сол кезде қауіпсіздік үшін айналдыра темір құсаулармен тартып қойыпты. Ал 2021 жылы тіпті 70 пайызға дейін апатты деген техникалық қорытындысы да шыққан. Қазір мұнда 160 оқушы, 70-ке жуық мұғалім жандарын шүберекке түйіп сабақ өткізуге мәжбүр.

Мектептің мешел күйін көрсең жан түршігеді. Ғимараттың төбесі, қабырғасы, тіпті сатысына дейін темірмен құрсауланған. Олардың тартылғанына да 20 жыл болыпты. Бүгінде түгел босап, қабырғалар жарылып, плиталары былқ-сылқ етіп тұр.

Мақсат Оспанқұлов, Талды ауылы №19 мектептің директоры:
Құрсауланғаннан кейін оны ешқандай тексерісі, артынан қорытындысы болған жоқ. Бірақ жылдан жылға бұл құрсауланғанымен кабинеттерде төбедегі плиталары майысып, сондай жағдайлар болды. Қыстың күні біздің қабырғалар сөгіледі. Қазір күн ысығанда ол қайтадан қалпына келеді.

Ғимараттағы тоқтар да сыр бере бастаған. Ал аудандық мәслихат депутаттары ауылға жаңа мектеп салуды жеделдету қажет екенін айтып дабыл қағуда.

Азамат Дәулетбаев, Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты:
Білім басқармасы, сәулет-құрылыс мекемесі, қаржы бөлімінің басшылары сол фракцияға қатысқан. Сол кісілер уәде берген. Міне бәрі дайын, түгел саламыз еп. Сол уәдесі қалып отыр. Жоғарыға хабарлаймыз енді. Паламент депутаттарына шықпасақ. Осы мектеп қауіпті болыпты балалардың өміріне.

Былтыр білім ошағына техникалық сараптама жүргізілген. Қорытындысы бойынша апатты мектеп түгел сүріліп, орнына жаңасы салыну тиіс деп жазылған.

Ниязбек Шаймерден, Қ.Аманжолов ауылдық округінің әкімі:
Жер комиссиясының қорытындысы шықты. 200 орындық жаңа мектеп салу жөнінде біздің тарапымыздан өкім шықты. Кадастрлық нөмірі бәрі біздің қолымызда бар. Техникалық шарттар жасау керек болды, ол жарыққа және байланысқа және су жүйесіне. Ол құжаттары да қазір дайын. Тек қана ақша бөлінуін ғана күтіп отырмыз.

Жаңа мектеп алдағы үш жылда салынуы тиіс. Бірақ әлі күнге сметалық құжат дайын емес. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының берген жауабында құжаттың мемлекеттік сараптамасы осы күнге дейін шықпаған. Ал мектеп құрылысына шамамен 1 миллиард теңге қажет.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу