Мариуполь қорғаушылары Донецк маңына жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мариуполь қорғаушылары Донецк маңына жеткізілді

20.05.2022

Украинаның Мариуполь қаласының «Азовсталь» зауытынан қаруын тастап шыққан украиналықтар Донецк маңындағы «Оленевка» ауылына жеткізілді.

Ресей жағының мәлімдеуінше, өнеркәсіп кешенінің бункерлері мен туннельдеріне бекінген 2 мыңдай жауынгер берілген. Содан кейін Мариупольдің соңғы қорғаушылары автобустармен Ресейдің бақылауына өткен жердегі бұрынғы түзеу колониясына жөнелтілді.

«Азовстальда» қазір қанша украиналық сарбаз қалғаны белгісіз. Дегенмен, «Азов» полкі коммандирінің орынбасары Святослав Паламардың айтуынша, онда ресейліктермен шайқас әлі жалғасып жатыр. Ал, президент Владимир Зеленский Ресей армиясын Донбастты толық қиратты деп айыптап отыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Донбасс толығымен жойылды. Мұның бәріне Ресейден әскери түсіндірме жоқ. Бұл - мүмкіндігінше көп украиндықты өлтіруге бағытталған қасақана әрі қылмыстық әрекет. Барынша көп үйді, әлеуметтік нысанды, кәсіпорындарды қиратыңыз. Мұның бәрі украин халқына жасалған геноцид деп танылады және сол үшін басқыншылар міндетті түрде жауапқа тартылады.

Донбасс үшін шайқас жалғасып жатыр

Украина әскерилерінің хабарлауынша, ресейліктердің шабуылынан Северодонецкіде 12 адам қаза тапқан. Кремль болса, көрші елде бейбіт халықты нысанаға алмайтынын мәлімдеп келеді. Айта кетсек, Ресейдің Украинадағы мақсаты - Донецк және Луганск облыстарымен бірге елдің оңтүстігін де басып алу.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу