Жастарға арналған жалдамалы пәтерлер қолжетімді бола түспек. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін 75 мың теңге мөлшерінде табыс көзін растау жеткілікті. Осылайша жастардың жалға берілетін тұрғын үйлерді алу мүмкіндіктері кеңейеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сенат қабырғасындағы парламенттік тыңдауда мәлімдеді. Ал сенат спикері жастар саясатын түбейгелі қайта қарауды талап ететінін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:Жаңғырудың негізгі күші және жаңа Қазақстанның жаңару көзі жастар екені анық. Сондықтан барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл ауқатын арттыруға және олардың дамуына жағдай жасауға арналған.
Ералы Тоғжановтың сөзінше 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 25 мың пәтер беру көзделіп отыр. Алдағы уақытта өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп, жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны іске қосу жоспарда бар. Сонымен қатар жас отбасылардың қаржылық сауаттылығын арттыру да қоғамның назарынан тыс қалмауы керек деді.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:Тұрғын үй салымын жинақтаудың өте маңызды екенін елге түсіндіруіміз керек, халыққа түсіндіруіміз керек. Әрбір отбасында берекесі шаңырақтан басталатыны да белгілі ғой. Олай болатын болса осы бағытта мынау ұқыпты қаржы жинақтау мәдениеті деген күн тәртібінде тұрған үлкен сұрақтардың бірі.
Дархан Рахымжан