Апта басында Президент Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апта басында Президент Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барды

22.05.2022

Апта басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барды. Биыл бұл ұйымның құрылғанына 20 жыл. Ал шартқа 30 жыл бұрын мамырда Мәскеуде қол қойылған еді. Сондықтан бір жыл төрағалық еткен Арменияның ұснысы бойынша мерейтойлық саммит Мәскеуде өтті. Құрамына 6 мемлекет: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Белорусь, Армения және Ресей кіретін әскери альянстың басты миссиясы – аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Дегенмен, қару-жарақ пен есірткі саудасын тоқтату, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру секілді проблемалар әлі де күн тәртібінде. Тоқаев та сөзінде осы мәселеге тоқталып, Ауғанстандағы жағдайға басымдық берді. Қазір ондағы ахуал сақтықты қажет етеді. Билікті күшпен басып алған тәліптердің шекарасы ұйымға мүше Тәжікстанмен шектесіп жатыр. Президент бұл тұтас өңірге қауіп төндіріп тұрғанын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін.

Яғни, мемлекет басшысы ауған-тәжік шекарасындағы қауіпсіздікті бірлесіп арттырумыз керек деп отыр. Осы арқылы аймақ тыныштығын қорғай аламыз. Тоқаевтың бұлай деуі бекер емес.

Afghanistan International телеарнасы осы апта тәжіктер мен тәліптер арасында қарулы қақтығыс болғанын хабарлаған еді. Мәліметке сай, шекарашылар Шерхан-Бандар аймағында 4 сағатқа жуық бір-біріне оқ жаудырған. Бірақ қаза тапқандар жайлы ақпарат айтылмады. Белгілісі, тәліптер бірінші болып шүріппені басқан. Сондықтан ұйым әскері содырлардың солтүстікке өтуіне жол бермеуі керек. Осы орайда мемлекет басшысы террористерден төнген қауіпті Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлерімен бірігіп еңсеруі керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің ойымызша, қазірдің өзінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді.

Жалпы жиында тараптар әскери әріптестікті арттырып, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және фейк жаңалықтармен күресу мәселелерін де сөз етті. Кейін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық құжатын қабылдады. Ал жиын соңында құрылымның бас хатшысы баспасөз брифингін өткізді. Журналистерді Украинадағы жағдай толғандырып, ұйым әскері қақтығыстарға қатыстырылуы мүмкін бе деген сұрақ қойды. Станислав Засьтің жауабы мынадай.

Станислав Зась, ҰҚШҰ Бас хатшысы:

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін арнайы операцияға қатыстыру мәселесі сөз болған жоқ. Бұл мүлдем талқыланбайды деп ойлаймын.


Хабарламаларға жазылу