Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Алдағы референдумда халық жақтап дауыс берсе, Ата заңның 6-шы бабы, 3-ші тармағы осылай жазылады. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Қолданыстағы редакцияда жер және оның қойнауы мемлекет меншігінде болады деп жазылған. Бас құжатқа енгізілетін өзгерістерге сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдері лауазымына Президент екі кандидатура ұсынады. Мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы үміткерге таңдау жасайды. Көп дауыс жинаған кандидатты әкім лауазымына Мемлекет басшысы тағайындайды. Бұл 87-ші баптың 4-ші және 5-ші тармағына енгізілетін өзгерістер. Еске сала кетейік, референдум жүзеге асса 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. 2 бөлімнің атауы өзгереді.
Конституциялық өзгерістер
Қолданыстағы редакция
6-бап 3-тармақ
3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады.
ЖАҢА редакция
3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар ХАЛЫҚҚА ТИЕСЛІ. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.
87-бап 4, 5-тармақтар
Қолданыстағы редакция
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды.
ЖАҢА редакция
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Республика Президенті ДАУЫС БЕРУ ӨТКІЗІЛЕТІН КЕМІНДЕ ЕКІ КАНДИДАТУРА ҰСЫНАДЫ. Дауыс беруге қатысқан мәслихаттар депутаттарының көп дауысын алған кандидат келісім алған болып есептеледі.