Шымкентте дүлей дауылдан шатыры ұшып кеткен орталық стадионға қатысты тексеріс басталды. Спорт нысанының мінбер жағындағы ғимаратының төбесі сенбі күні желдің екпінмен алаң ортасына құлаған еді. Ол кезде Ордабасы мен Ақсу командасы арасында кездесу өтіп жатқан болатын. Жарақат алған ешкім болмады. Оқыс жағдайға байланысты төреші шешім қабылдап, ойынды кейінге қалдырды. Стадионның шатыры бұған дейін де жел көтеріп, қайта жаңартылған болатын. Оған қазынаның қанша қаржысы жұмсалғаны белгісіз. Спорт және денешынықтыру басқармасы бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Болған жәйтқа байланысты полиция сотқа дейінгі тексеру жұмысын бастады. Бірнеше сараптама жүргізілуде.
Зарипа Тұрысбекова Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының бас маманы:
Оқиға орнына Шымкент қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жіберілді. Сол жерде ұшқан шатырды бөлшектап, тазарту жұмыстарын атқарған. Оқиға орнында зардап шеккен және қайтыс болғандар жоқ.
Осыған ұқсас жағдай былтыр Түркістан қаласында да болған еді. 35 млн долларға салынған су жаңа стадион жаңбыр жауған күні суға толып кеткен болатын. УЕФА талаптарына сай келеді деп мадақталған спорт кешені суағар жүйелердің болмауынан ватерпол өткізетін бассейнге айналғаны көпшіліктің есінде.