Шығыста малшылар «төл тойын» атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыста малшылар «төл тойын» атап өтті

24.05.2022

Шығыс Қазақстандағы малшы қауым, қыстан төрт-түлігін аман-есен алып шығып «төл тойын» тойлап жатыр. Абай ауданындағы Аршалы мекенінің шаруалары 20 жылға жуық шопандар мерекесін өткізіп келеді. Індет кезіндегі екі жылғы үзілістен кейін биыл дәстүр қайта жанданды. Мал басы еселеніп, бір-бірімен қуана қауышқан жұрттың көңіл-күйіне тілшіміз куә болып қайтты.

Ерғазы Буданов 20 жылдан бері мал шаруашылығымен шұғылданады. Қазір өрісінде мыңға жуық қойы бар. Биыл қатал қыстан төрт түлігін шашау шығармай аман алып шығып, мал басын еселей түсті.

Ерғазы Буданов, шаруашылық жетекшісі:

Мал ұстаған адамның кедейі жоқ қой. Мал ұстаған деген, банктегі ақшаңдай. Жылдағы малың төлдеп, өсіп жатыр. Доллар сияқты жылдағы малың, бір қойың екі қой болып. Жаман емес.

Төрт түліктің аузы көкке тиіп, шаруа жеңілдеген соң Аршалы мекеніндегі көрші шаруашылықтарды түгел шақырып «төл тойы» ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар ойнатылып, қыс бойы ауыр еңбектен титықтаған жұрт бір серпілді.

Мәуліт Кенжебайұлы, Қасқабұлақ ауылының тұрғыны:

Төл төлдеп, қораға төл толады. Көк шығып, көкмайса. Сол кезде енді арқа кішкене босаған кезде, жігіттердің демалғаны дұрыс қой деп ұйымдастырған.

Абайхан Тұрлыбеков, Семей қаласының тұрғыны:

Жақсы өтіп жатыр мінеки. Ат шабыс болып жатыр. Күрес болып жатыр. Қыстан аман-есен өтіп, жақсы күнді қызықтап отырмыз.

Бәйге, тай жарыс, көкпар мен арқан тартыс тамашалаған шопандардың делебесі қозып, көңілдері аспандады. Жүлделер таратылды. Арқа-жарқа болған шаруалар күйбің тіршілікті бір сәтке ұмытты. Енді жайлауға қамданады. Дәстүр бойынша «төл тойының» ауыспалы жалауы салтанатты түрде келесі шараушылыққа табысталды. Демек келер жылы той сол ауылда.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу