Жалдау ақысын субсидиялау бойынша 3044 өтініш мақұлданды. «Отбасы банкнің» төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәлімдеуінше құжат қабылдау 18 сәуірде басталды. Содан бері Отбасы банкіне 13 758 өтініш түскен. Алайда барлығы бағдарлама шартына сай емес. Кейбірі техникалық қателер жіберген. Жалпы тұрғын үйге аса мұқтаж 70 мыңға жуық азамат бар. Олар көпбалалы отбасы, 1-2 топтағы мүгедектер және жетім балалар. 61 мың үміткерге субсидиялау бойынша смс хабарлама келген. Ескеретін жайт, құжат тапсырғанда бүкіл отбасы мүшелері электронды қолтаңбасын қалдыру керек. Жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын жалға алушы өзі төлейді.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:
Олардың соңғы алты айдағы орташа айлық жиынтығы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Субсидиялауға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қабылданады. Отбасы банкінде депозит болуы тиіс. Немесе жинақ шотын жаңадан ашуға болады.
Раушан Сайлауқызы