Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейіне - 10 жыл. Осыған орай, Астанада «Қазіргі қоғамдағы Музей. Жаңа даму жолдарын іздестіру» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Оған шет мемлекеттердегі ғылыми және музей қауымдастығы мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Мақсат - 10 жылдың ішінде жеткен жетістіктерді саралап, алдағы уақытта оның даму бағытын айқындау.
Ботагөз Қайыпова, ҚР Тұңғыш Президенті музейі директорының орынбасары:
10 жылдың ішінде біз 1 миллионнан астам адам қабылдадық. 154 көрме жобасын өткіздік. Соның ішінде 26-ы көшпелі көрме. 600-ден астам ағартушылық іс-шара өткізілді.
Музейдің мерейтойына орай, атыраулық белгілі мүсінші Нұрсұлтан Қалиевтің «Ағаш құдіреті» атты көрмесі ашылды.
Оған автордың 60-тан астам туындысы қойылып, ең қымбаты 3 миллион, ал, ең арзаны 50 мың теңгеге бағаланды.
Автордың айтуынша, көрмеге қойылған кез келген экспонаттың өзіндік тарихы бар.
Нұрсұлтан Қалиев, мүсінші:
Бұл - «Шебердің қолы» деген жұмыс. Ортасында кесе, оның ішіндегі көз. Шебердің қолына көз тимесін, деген мағынада.
Айдана ҮСЕНБАЙ