Елімізде шағын несие беру жасын төмендету ұсынысы қызу талқыланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде шағын несие беру жасын төмендету ұсынысы қызу талқыланып жатыр

26.05.2022

Елімізде шағын несие беру жасын төмендету ұсынысы қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін Қазақстан жастары конгресі онлайн берешекті 18-ден емес 21 жастан беру туралы бастама көтерген еді. Өйткені қарыз алып, оны құмар ойынға жұмсайтын жастар көбейіп барады. Десе де микроқаржы ұйымдары бұдан пайда жоқ деп отыр. 

Бет жүзін көрсеткісі келмеген Аяулым бауыры үшін қатты алаңдап жүр. 19 жастағы жігіт былтыр елордаға арман қуып келген. Студент. Бірақ білімге емес, құмар ойынға құштар. Тіпті букмекерлік кеңседе ақша тігу үшін, онлайн несие алып, қарызға батқан.

Аяулым, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Мен ойлаймын да оған қалай кредит береді? Оның не жұмысы жоқ. Алып жатқан айлығы жоқ. Банк бірдеңесін тіркеуі керек қой бәрібір. ЖСН-ін жазады. Сонда қалай біреуі алып тексеріп қарамайды? Енді қазір ол қарызға белшесінен батқан. Ата-анамызға айта алмаймыз.

Ата-анаға айта алмаған соң, 300 мыңды әпкесі қайтарып жүр. Жалпы мұндай қиын жағдайда қалған жастар көп. Бірі қарызды құмар ойынға, енді бірі қаржы пирамидасына салу үшін алады. Бірақ оңай ақша табам деп опық жейді. Ал пайызы көп несиені төлеуге тура келеді.

Әсия Ермағамбетова:

Қызым 19 жаста. Банк 1,5 млн теңгеге екі несие рәсімдеген. Сөйтем QNET-ке кіріпті. Қазір одан шықты. Басқа жұмыс істеп, қарызын қайтарып жүр. Ай сайын 100 мың төлейді.

Гүлнәр Әубәкірова:

Бұл сұмдық жайт біздің де бастан өтті. Ұлымды досы қаржы пирамидасына шақырған екен. Ол несиеге бір миллионның тауарын алып, кейін сатқан. Түскен ақшаны алаяқтардың қолына беріп, опық жеді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қазір 18-ге толған кез-келген адам онлайн берешек алып, тауарлық несиені рәсімдей береді. Ғаламторға кірсең де осындай шағын банктердің жарнамасынан көз сүрінеді. Тіпті, осындай фирманың бірі клиент тарту үшін үйсіз қаңғыбастарға да қарыз береміз деп жазып қойыпты.

Ашып көрсек, расымен несие рәсімдеу қиын емес. Өтініш толтырсаң болды, ақша корточкаңызға түсе қалады. Бірақ 18-ге толып оң-солын енді таныған студенттер қаржыны далаға жұмсап жатыр. Сол үшін Қазақстан жастары конгресі несие беру жасын ұлғайтуды ұсынып отыр.

Тоқтар Болыс, Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры:

Кейбір студенттер шағын қаржы ұйымдарынан қарыз алып, құмар ойындарды ойнайды. Кейін тәуелділік туып, лудомания дертіне шалдығады. Мұндай жастар қазір көбейіп барады. Қауіптің алдын алу үшін шағын несие беру жасын 18-ден 21-ге көтеру қажет.

Десе де микроқаржылық ұйымдарының қауымдастығы өкілдері бұдан пайда жоқ деп отыр. Өйткені мәселені халықтың қаржылық сауатын арттыру арқылы кешенді түрде шешу керек дейді. Әрі қарыз беру жасын ұлғайту қаржыны керегіне жарататын өзгелерге кесірін тигізеді.

Ербол Омарханов, Микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының директоры:

Несиелеуге тыйым салудың қажеті жоқ. Меніңше одан гөрі құмар ойын ойнайтын жерлерді жауып, қаржы пирамидаларын түбегейлі жою керек. Сонда салдарымен күреспей, мәселеден толықтай арыламыз.

Онлайн несие төңірегіндегі ұсыныс қызу талқыланып жатқанымен Ұлттық банк әзірге үнсіз. Сондықтан ұсыныс қолдау таба ма жоқ па белгісіз. Ал статистикаға сенсек, қазір 350 мың қазақстандық құмар ойынның құрсауынан шыға алмай жүр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу