Мемлекеттік Хатшы Ұлттық кеңес мүшелерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді. Алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтып берді. Жүзеге асырылатын реформа, ел басқару ісіне қарапайым азаматтардың араласуын арттыруға және саяси процестерді демократияландыру ісін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беретініне назар аударды. Ерлан Қарин өңірдегі қоғамдық кеңестердің мүшелерімен де кездесті. Оған қатысушылар қоғам мен билік институттары арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты дамыту тұрғысында ой бөлісті. Басқосуда сөз алған Мемлекеттік Хатшы Конституцияға түзетулер енгізуді әзірлеу жұмысына, елімізге белгілі сарапшылар мен қоғам өкілдері тартылғанын атап өтті. Жұмыс сапарында мемлекеттік хатшы жастар ұйымдарының белсенділерімен де жүздесті. Жас ұрпақтың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын арттыру және жастарға қатысты жобаларды қолдау мәселелері қозғалды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияларды дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашады. Президенттің жалпы негізгі бір ұстанымы – ол әділеттілік. Сондықтан да ол жаңа Қазақстанды әділетті Қазақстан деп жариялады.
Талғат Қалиев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:Біздің әр қазақстандық азаматымыз белсенді сайлаушыға ауысу керек. Сол кезде олар депутаттарға да, депутаттарды жауапқа тарта алады. Депутаттар арқылы билікке әсер етеді. Сол кезде олардың барлық сөздері де билікке жетіп тұрады.