Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры артистерінің киімдері 30 жылдан бері жаңармаған. Симфониялық оркестр аспаптарының тозығы жеткен. Бұл туралы өнер ордасының өкілдері мәдениет форумы аясында айтты.
Шара Алматыда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған мәдениет және спорт министрі мен еліміздің өңірлерінен келген қайраткерлер, өнер майталмандары қатысты.
Жиын барысында министрге саладағы түйткілді мәселелер жеткізілді. Мысалы, республикалық колледждер мен училищелерде аудитория жетіспейді, жабдықтар ескірген, жалақы төмен. Сонымен қатар, кітап шығарушылардан салық алынып тасталсын деген ұсыныс айтылды. Министр Дәурен Абаев болса, зиялы қауым өкілдері баяндаған өзекті мәселелерді білетінін айтып, алдағы уақытта шешу жолдарын қарастыруға уәде етті. Елімізде мәдениет үйлерін, театрларды, мұражайларды қосқанда 7 мыңнан аса өнер ошағы бар.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Айтылған мәселелердің бәрін жазып алдық. Біз оны зерттейміз. Бір жарым жылдың ішінде енгізуге дайынбыз. Балаларға арнайы берілетін карта дедік, оған ақша түсіп отыратындай, бірақ балалалар ақша ретінде қолданбайтындай жүйе енгіземіз. Соның арқасында музей, театрларға бара алатын мүмкіндік беруіміз керек.
Сонымен қатар, осы форум аясында мәдениет саласында қалтқысыз қызмет еткен 50-ге жуық азаматқа Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы салтанатты түрде табысталды. Аталған марапат салаға саналы ғұмырын арнаған майталмандарға берілді. Еңбектері еленгендер арасында дирижерлар, хор жетекшілері, хореографтар мен кинорежиссерлар бар.