Ресей армиясы Северодонецк қаласын қоршауға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей армиясы Северодонецк қаласын қоршауға жақын

29.05.2022

Украинаға тоқталсақ. Ел аумағында қарулы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Ұрыс Донбасста күшейе түскен. Ресей армиясы Северодонецк қаласын қоршауға жақын. Сондықтан Украина әскері ол жерден шығарылуы мүмкін. Ал Германия мен Франция лидерлері Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, атысты тоқтатуға және Украинадан әскерін шығаруға үндеді. Кремль басшысы болса, Батыс елдерінің Киевке қару беруі жағдайды одан әрі тұрақсыздандыруы мүмкін деп мәлімдеді. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Украинаның шығысында кескілескен шайқас жүріп жатыр. Қарулы қақтығыс төртінші аптаға жалғасты. Ресей әскері Северодонецкіні шабуылдауды үдетті. Қаланы басып алса, Мәскеу Луганск облысын толықтай бақылауға алғанын жариялай алады. Сонымен бірге, темір жол хабы - Лиман қаласын басып алғанын мәлімдеп отыр.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Донецк Халық Республикасы халықтық милициясы бөлімшелері мен Ресей қарулы күштерінің бірлескен іс-қимылының нәтижесінде Лиман қаласы толығымен босатылды.

Дегенмен Украина тарапының мәлімдеуінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, қала үшін күрес жалғасып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Жағдай өте күрделі. Әсіресе, Ресей армиясы Донбас пен Харковь облыстарында қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге ұмтылып жатыр. Шайқас жүріп жатқан негізгі аудандар - Северодонецк, Лисичанск, Бахмут, Попасная тәрізді өзге де қалалар. Бірақ біздің қорғанысымыз берік. Қаншалықты қиын екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

«Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, Украина әскері осы аптада кемеге қарсы «Гарпун» қанатты зымырандарын алды. Қаруды Ұлыбритания, Дания мен Нидерланды жіберген. Киевке бұл зымырандар Одесса тәрізді оңтүстік порттарын Ресейдің блокадасынан босату үшін қажет. Ал АҚШ-тың жетекші басылымдарының хабарлауынша, Байден әкімшілігі келесі аптада Украинаға алыс қашықтыққа арналған көп реттік зымырандық жүйелерін жіберетінін жариялауы мүмкін. Бұл кешендердің ату қашықтығы Украинаның өзінде бар қарудың ауқымынан ондаған шақырымға асады. Сонымен бірге Вашингтон Киевке бір мезетте алты зымыран таси алатын "Химарс" жүк көліктерін жіберуі мүмкін деген де ақпарат бар.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Қорғанысты арттыру үшін ұдайы жұмыс істеп жатырмыз. Бұған ең алдымен қару-жарақ кіреді. Әрине, көп нәрсе серіктестерімізге байланысты. Олар бізді Украина бостандығын сақтауға қажетті қару-жарақпен қамтамамсыз етуі маңызды.

Батыс барлаушыларының мәліметінше, Украина одақтастарынан әскери техника алып жатқан шақта, Ресей керісінше. әскері мен техникасының қолда бар резервтерін жұмсауға мәжбүр. Шығынның орнын толтыру үшін Ресей армиясы ескірген қару-жарақ пен техниканы, нақтырақ айтсақ, Т-62 және БМП-1 танкілерін қолданып жатыр. Бұған қоса, президент Путин келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін жас шектеуін жою туралы заңға қол қойған.

Ал, Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздер мүлдем тоқтап тұр. Зеленский Путинмен талқылайтын мәселе көп екенін мәлімдеді. Кремль болса, келіссөздердің тоқтауына Киевті айыптады.

Дмитрий Песков, Кремльдің баспасөз хатшысы:

Келіссөздер Киев таңдаған ұстанымға сай тоқтады. Украина жетекшілігі үнемі бір-біріне қарама-қайшы келетін мәлімдемелер жасайды. Бұл бізге олардың нені қалайтынын түсінуге мүмкіндік бермей отыр.

Германия мен Франция лидерлері болса, Ресей президентімен телефон арқылы хабарласып, қарулы қақтығыстың дипломатиялық шешімін табуды ұсынды. Олар Украина астығын экспорттауды қалпына келтіру үшін Одесса портын блокададан шығаруға үндеді. Кремль басшысының сөзінше, әлемде астық тапшылығына Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкция жариялауы себеп. Сонымен бірге Ресей президенті Батыстың Украинаға қару-жарақ тасымалдауы жағдайды одан әрі тұрақсыздандырып, гуманитарлық дағдарысты өршітуі мүмкін деп мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу