Шымкентте дүлей дауыл кезінде Туымызды қирандылар арасынан алып шыққан қос азаматтың әрекеті көпке үлгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте дүлей дауыл кезінде Туымызды қирандылар арасынан алып шыққан қос азаматтың әрекеті көпке үлгі

30.05.2022

Шымкентте болған дүлей дауыл кезінде шатырмен бірге жерге құлаған көк Туымызды басын қатерге тігіп, қирандылар арасынан алып шыққан қос азаматтың әрекеті көпке үлгі.

Стадионның жел көтерген шатыры ұшып кеп, жерге жалп ете қалғанда трибунадағылардың бәрі де бір сәтке абдырап қалған-ды. Бірақ астында адамдар қалып қоюы мүмкін деген оймен бірнеше жігіт солай қарай тұра ұмтылған. Арасында Әбілқайыр Дәулет те бар. Бәрі жабылып, шатырдың астын шолып шықты, ешкім жоқ екен. Бірақ жерде жатқан көк Туды көрген Әбілқайыр бойдағы үрейін жеңіп, үйіндінің астына кіріп кетті.

Әбілқайыр Дәулет, мектеп мұғалімі:

Бір жігіт барды, ала алмады бірақ. Екінші мен бардымү Туды темірдің астынан тауып тартсам шықпайды. Тросс байланған екен. Тағы бір Нүркен деген жігіт келді.

Әбілқайырға ілескен Нүркен де іркіліп қалмады. Жабылып жүріп, тұғырға темірмен байланған Туды шешіп алды.

Нүркен Намаз, Өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

Барлық адамдар атсалысып, шатырды көтеріп тұрды. Салмағы ауыр болды оның. Сөйтіп 3-4 жігіт туды алып шықтық.

Байрақ үшін басын бәйгеге тіккен Әбілқайыр 31 жаста. Шымкент қаласындағы №127 орта мектепте мұғалім. Өрендерге алғашқы әскери дайындық негіздерін үйретіп, отаншылдық пен патриоттыққа баулып жүрген ұстаз. Ал Нүркен Намазов болса Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді. Тілсіз жаумен күресіп, апат болған жерден табылатын құтқарушы.

Нүркен Намаз, Өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

Әлемге бізді танытатын, абыройымызды көтеретін ең маңызды дүние бұл Ту тек биікте болуы керек.

Әбілқайыр Дәулет, мектеп мұғалімі:

Еліміздің Туы жерде тапталмасын деген мақсатта, Ту өте қастерлі дүние ғой. Сол мақсатта оны алып шықтық. Ол біз үшін батырлық деп санамаймын.

Қарапайым қос азаматтың батыл әрекеті көптің жүрегіне жылылық сыйлап, жігерін жаныды. Өйткені Ту халқымыздың мұқалмас рухы, қаһармандығы мен асқақ армандарының белгісі. Оны еңкейтпей тік ұстау әр қазақтың парызы.    

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу